Ақтөбеде танымал кәсіпкер әрі блогер Сергей Койнов ұсталды

Ақтөбеде танымал кәсіпкер әрі блогер Сергей Койновтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы журналист Михаил Казачков өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері жүргізген операция барысында ұсталған кәсіпкерге заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырды деген айып тағылып отыр. Тергеу мәліметінше, Койновтың иелігінде еліміздің бірнеше өңірінде филиалдары бар "Актив" ломбардтар желісі бар.
Құзырлы органдардың пайымдауынша, аталған ломбардтарда клиенттерге өте жоғары пайызбен микроқарыздар берілген. Бұл ретте қарыз алушылар заңдылығы күмән тудыратын "комиссиялық келісімшарттарға" қол қойып отырған.
Кәсіпкердің өзі әлеуметтік желіде 680 мыңнан астам оқырманы бар танымал блогер ретінде белгілі. Ол өзін инвестор, меценат ретінде көрсетіп, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен мұқтаж жандарға көмектесетіні туралы бейнероликтер жариялап келген.
Қазіргі уақытта тергеу аясында "Актив ломбардының" Қазақстан бойынша ондаған филиалында тінту жұмыстары жүргізіліп, тиісті құжаттар тәркіленген.
Соңғы жаңалықтар





