Ақтөбеде төбелес кезінде 16 жастағы бозбаланың көзіне әйнек кіріп кетті

Ақтөбеде төбелес кезінде 16 жастағы бозбаланың көзіне әйнек кіріп кетті
19.09.2025 12:27
0
87
Фото: видеодан кадр

Ақтөбеде төбелес кезінде көзінен жарақат алған 16 жастағы жасөспірімнің туыстары тергеудің қайта жүргізілуін талап етті, деп хабарлайды POLITICO.KZ Жетінші арнаға сілтеме жасап.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, жастар арасындағы жанжал түнгі уақытта бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Онда 16 жастағы Темірлан Мырзабай қатарластарынан қорғанып жатқаны көрінеді. Туыстарының айтуынша, оның бетіне қатты соққы тиген, салдарынан көзілдірігі сынып, әйнегі көз жанарына кіріп кеткен.

Телеарна мәліметінше, Темірлан – джиу-джитсумен шұғылданған спортшы. Қазір денсаулығындағы мәселенің кесірінен сабақтан да, жарыстан да қол үзген. Енді алда ұзақ оңалту мен операция күтіп тұр.

Туыстарының сөзінше, осы оқиғаға қатысты іс алғашқыда іс екі баппен – "Бұзақылық" және "Орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру" бойынша тергелген. Алайда кейін полиция бұзақылық бабымен қозғалған істі жауып тастаған. Жәбірленушінің туыстары енді "Орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіру" бабының да жеңіл сипатқа ауысып кетуінен қауіптенеді. Тергеудің әділ жүргізілуін талап етеді.

"Олар бұл "жеңіл жарақат" дейді. Өзім ауруханаға апардым. Сол сәтте оның оң көзі мүлде көрмей қалған. Жанарына әйнек кіріп кеткен. Операция жасалды, дәрігерлер 15 пайыз көру қабілетін ғана қайтара алды. Осыдан кейін бұл қалайша жеңіл жарақат болуы мүмкін?! Сол себепті бұзақылық бабы бойынша істі қайта ашуды талап етеміз. Өтйкені қылмыс құрамы анық көрініп тұр. Сараптаманы қайта тағайындау керек", - дейді жәбірленуші тарап өкілі.

Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметінің басшысы Ерболат Сарқұлов аталған дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын жеткізді.

"Қазіргі таңда қосымша сараптамалар тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша заңды шешім қабылданады", - деді ол.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий