Ақтөбеде туыстары мен жерлестеріне пәтер үлестірді деген шенеунік сотталуда
Ақтөбе қалалық сотында тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әбілғазыұлы Әлімовке қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Тергеу органдарының мәліметінше, лауазымды тұлға қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, мемлекеттік қордағы оннан астам пәтерді заңсыз жекешелендіруге көмектескен. Айыптау тарапы мемлекетке келтірілген шығын көлемін 48 миллион теңге деп бағалады, деп хабарлайды Politico.kz порталы Диапазон газетіне сілтеме жасап.
Шалқар ауданының тумасы Жандос Әлімов 2021 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың қаңтары аралығында аталған бөлімді басқарған. Кейіннен облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы болып қызмет атқарған ол қыркүйек айының соңынан бері қамауда отыр. Тергеушілердің пайымдауынша экс-шенеунік оннан астам пәтердің заңсыз жекешелендірілуіне тікелей атсалысқан. Оның көмегімен баспаналы болғандардың қатарында бөлім қызметкерлері мен жерлестері және тіпті әйелінің туған әпкесі де бар.
Айыптау актісінде көрсетілгендей күдікті алдымен кедергісіз әрекет ету үшін тұрғын үй комиссиясының құрамынан қала әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық бөлім басшысын шығарып тастаған. Осылайша ол заңсыздыққа тосқауыл қоюы мүмкін заңгерді шеттеткен. Кейінгі отырыстарда мұқтаж жандарға заңды негізде пәтер беріп комиссияның өзге мүшелерінің сеніміне кірген.
Сенімге ие болған соң ол ескі кезекте тұрғандарға уақытша баспана беру тәжірибесін теріс мақсатта іске қосқан. Әлімов кезекте тұрған өз адамдарына алдымен жағдайы жоқ жатақхана бөлмелерін уақытша баспана ретінде ұсынған. Арада аз уақыт өткен соң әлгі тұрғындар жағдайдың нашарлығын алға тартып қайта өтініш жазған. Нәтижесінде комиссия шешімімен олардың уақытша баспанасы жайлы пәтерге алмастырылған. Кейіннен бұл пәтерлер ақысыз негізде жекешелендіріліп сатылып кеткен немесе өзге адамға сыйға тартылған.
Мәселен Шалқар қаласының бір тұрғыны осы схема арқылы алған пәтерін бір айға жетпей 8,5 миллион теңгеге сатып үлгерген.
Шенеунік тағылған айыппен келіспейді. Сот процесі кезінде адвокаттары мен жұбайы оның кәмелетке толмаған бес баласы бар екенін және ең кішісі 2025 жылы дүниеге келгенін алға тартып үйқамаққа немесе кепілге жіберуді сұрады. Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырмады және қорғаушы тараптың судьяға қарсылығын қабылдамады. Қазіргі уақытта даулы пәтерлер бұғаттауға қойылған.
Соңғы жаңалықтар