Ақтөбеде қайын жұртына пәтер әперген экс-шенеунік қайта сотталды
Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімовке екінші рет сот үкімі шықты. Ол қайын жұртындағы туысына мемлекеттен заңсыз пәтер алып беріп, 9,4 млн теңгеден астам шығын келтіргені үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Politico.kz.
9 қарашада Ақтөбе қаласының №2 соты Әлімовті Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы («ауыр зардаптарға әкеп соққан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану») бойынша кінәлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Алайда бұл жаза оның бұрынғы үкімімен біріктіріліп, түпкілікті жаза 6 жыл болып қалды. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте және бірқатар мемлекеттік ұйымдарда лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды.
Сот үкіміне сәйкес, 2023 жылғы шілдеде Әлімовтің қайын жұртындағы туысы тұрғын үй қатынастары бөліміне өтініш берген. Ол атасы қайтыс болғанын айтып, мемлекеттік пәтердің жалдау шартын өз атына ауыстыруды сұраған. Алайда сот аталған пәтерге марқұмның да, өтініш берген туысының да еш қатысы болмағанын анықтады. Оның үстіне әйел мемлекеттік тұрғын үй кезегінде тұрмаған.
Соған қарамастан, Әлімов өтінішті тұрғын үй комиссиясының қарауына жіберіп, пәтер беру туралы оң шешім қабылдануына ықпал еткен. Алғашында туысына Әбілқайыр хан даңғылындағы пәтерді беру көзделген. Кейін ол Есет батыр көшесіндегі басқа пәтерге ауыстырылған.
2024 жылғы 11 қаңтарда тұрғын үй комиссиясы бұл пәтерді туысының атына тегін жекешелендіруге рұқсат берген. 15 қаңтарда тиісті келісімшарт жасалған. Пәтердің қалдық құны 9 455 215 теңге болған.
Ал 2024 жылғы 17 шілдеде әйелдің анасы аталған пәтерді басқа адамға 5 млн теңгеге сатып жіберген.
Сот Әлімовтің әрекетінен мемлекетке 9 455 215 теңге шығын келгенін анықтады. Енді ол осы соманы Ақтөбе қаласының бюджетіне қайтаруға міндетті.
Әлімов сотта кінәсін мойындамаған. Ол тұрғын үй комиссиясы шешімді алқалы түрде қабылдағанын және өзінің заң бұзбағанын айтқан. Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады.
Еске салайық, 29 сәуірде Ақтөбе қаласының №2 соты Жандос Әлімовті басқа азаматтарға заңсыз пәтер алып беруге қатысты іс бойынша 6 жылға бас бостандығынан айырған еді.
Соңғы жаңалықтар