«Артында жүкті әйелі мен баласы қалды»: Алматыда көлік тұрағы үшін көршісінің тамағын осып жіберген

14.10.2026 • 10:55 Әсел МҰРАТ
«Артында жүкті әйелі мен баласы қалды»: Алматыда көлік тұрағы үшін көршісінің тамағын осып жіберген
226
Фото: видеодан скрин

Алматыдағы тұрғын үй ауласында автотұраққа таласқан көршілердің арасында төбелес болып, салдарынан 37 жастағы азамат көз жұмды. Жанжал кезінде тараптардың бірі туысын шақыртып, келген ер адам мән-жайды сұрап жатпастан, көршісінің мойнына пышақ сұғып алған, деп хабарлайды Politico.kz КТК арнасына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 4 қазан күні кешке болған. Марқұм Данил Щетников ұлымен және жолдастарымен бірге қала сыртындағы демалыстан оралған кезде, өзінің тұрағында бөтен көліктің тұрғанын байқайды. Куәгерлердің айтуынша, Данил көлік иесінен көлігін басқа жерге қоюын сұраған, алайда бұл талап оған ұнамай, арты төбелеске ұласқан. Осыдан соң ол ағасын шақырған. Көмекке келген ағасы сөзге келместен Данилдың мойын тұсына пышақ жарақатын салған.

Марқұмның жұбайы Иринаның сөзінше, шабуыл жасаған адам бірден күйеуіне тап берген.
«Ол жақындап келіп соққы жасады, алғашында басынан ұрды деп ойладым. Бірақ күйеуім мойнын басып жүгіріп, жерге құлады, қанға тұншыға бастады. Сөйтсек, тамағын осып жіберіпті», - дейді ол.

Марқұмның артында 8 жасар ұлы қалды, ал бір айдан кейін дүниеге қызы келуі тиіс еді.

Оқиғаның куәгері Әмір Мұқашев көліктен заттарды түсіріп жатқан сәтте бір топ адамның келгенін, солардың бірі «Бауырымды ұрған сен бе?» деп Данилдың мойнына пышақ салғанын жеткізді. 

Марқұмның жақындары бұған дейін аталған көршімен ешқандай кикілжің болмағанын айтады. Күдіктінің отбасы пәтерді жалдап тұрған және оқиғадан соң дереу көшіп кеткен. Қазір оқиға орнында тұрған көліктің әйнектері таспен шағылған.

Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек тұрмыстық жанжалдың өлімге әкеп соққанын, 37 жастағы күдіктінің ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалғанын хабарлады. 

Іс «Абайсызда адам өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша тіркелген. Ал марқұмның туыстары тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, істі «Адам өлтіру» бабымен қайта саралауды сұрауда.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий