Артық салмақтан арыламын деп ота кезінде көз жұмған ер адамның ісі неге созылып кетті?
Қарағандыда бариатриялық операция кезінде қайтыс болған 35 жастағы Вячеслав Ермоловтың өліміне қатысты қылмыстық іс әлі сотқа жіберілмеген. Марқұмның жақындары тергеудің тым ұзаққа созылып кеткеніне алаңдап отыр. Олардың айтуынша, бірнеше сараптама дәрігерлердің әрекеті мен науқастың өлімі арасында себеп-салдарлық байланысты көрсеткен, деп хабарлайды Politico.kz «Еуразия бірінші» телеарнасына сілтеме жасап.
Вячеславтың жесірі Кристина Ермолова істің созбалаңға салынғанын айтып, тергеу нәтижесіне қатысты наразылығын білдірді.
«Іс бойынша бір ғана емес, бірнеше комиссия жұмыс істеді. Құжаттардың өзінде клиника тарапынан кінә болғаны көрсетілген. Сонда бұл мәселенің неге әлі шешілмей отырғанын түсінбеймін. Неліктен ешкім жауап бермейді?» – деді ол.
Вячеслав Ермолов 2025 жылдың қаңтарында жеке медициналық орталыққа бариатриялық операция жасатуға барған. Оның салмағы 185 келі болған. Ер адам денсаулығын жақсартып, өмір салтын өзгертуді мақсат еткен. Алайда хирургиялық араласу кезінде қайтыс болып, үйіне оралмаған.
Кейін жүргізілген мәйітті зерттеу барысында науқастың дұрыс интубацияланбағаны анықталған. Бұл гипоксияға және ми ісінуіне себеп болып, ақырында өлімге әкелгені айтылды.
Оқиғадан кейін медициналық ұйымның жұмысына Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті тексеру жүргізген. Ведомство жоспарлы хирургиялық көмек көрсету кезінде бірқатар талаптың сақталмағанын анықтаған.
Атап айтқанда, науқас қажетті деңгейде толық тексерілмеген, тиісті бейінді мамандардың консультациялары ұйымдастырылмаған. Сонымен қатар анестезиолог-реаниматологтардың жұмысында қателіктер болғаны анықталған.
Тексеру барысында операция жасаған хирургтің «жалпы хирургия» мамандығы бойынша сертификаты болғанымен, бариатриялық және метаболикалық хирургия саласында қажетті сертификаты болмағаны белгілі болған.
Жұбайынан айырылғаннан кейін Кристина Ермолова істің мән-жайын өз бетінше зерттей бастаған. Оның айтуынша, Вячеславқа операция жасаған дәрігер тиісті сертификатты кейінірек алған және қазір басқа медициналық мекемеде еңбек етеді.
Іс аясында марқұмның денесі эксгумацияланып, қосымша және қайталама сараптамалар жүргізілген. Негізгі сараптама қорытындысы маусым айының ортасында дайын болған.
Отбасының адвокаты Татьяна Рыбалкина сараптама нәтижесінде дәрігерлердің әрекеті мен өлім арасындағы байланыс нақты көрсетілгенін мәлімдеді.
«Қорытындыда екі дәрігердің аты-жөні көрсетіліп, олардың әрекеті мен Ермоловтың өлімі арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бары жазылған. Сонымен қатар операция басталмай тұрып-ақ, оның ішінде наркоз берілгенге дейін науқастың денсаулығында ақау барын көрсететін белгілер болғаны анықталған», – деді қорғаушы.
Адвокаттың сөзінше, мұндай қорытындыдан кейін тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілуі керек еді. Алайда арада бірнеше ай өтсе де, қылмыстық іс сотқа жетпеген.
Рыбалкина тергеу аясында дәрігерлердің әлі де «қорғауға құқығы бар куәгер» мәртебесінде жүргенін сынға алды.
«Олардың әрекеті мен өлім арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екені анықталғанына қарамастан, олар әлі күнге дейін осы мәртебеде. Менің ойымша, олар медициналық қызмет көрсетуін жалғастырып жатыр», – деді адвокат.
Қарағанды облысының полиция департаменті қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.
Полицияның мәліметінше, іс ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-бөлігі бойынша тергеліп жатыр. Аталған бап медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан абайсызда адам өліміне әкелуді қарастырады.
Ведомство тергеу аяқталған соң іс материалдары сотқа жолданатынын мәлімдеді. Дегенмен полиция нақты қандай мерзімде тергеу аяқталатынын айтпаған.
Марқұмның отбасы үшін уақыт мәселесі ерекше маңызды. Олардың айтуынша, 2027 жылдың қаңтарында іс бойынша ескіру мерзімі аяқталуы мүмкін.
Кристина Ермолова осы уақыт ішінде отбасы үшін ең маңызды сұрақтың – Вячеславтың өліміне кім жауап беретіні туралы мәселенің – әлі шешілмегенін айтты.
«Қиналып, жылап, ашуланып отырмыз. Екі жылға жуық уақыт өтті, бірақ әлі нақты шешім жоқ. Бірде іс тоқтатылады, бірде қайта жандандырылады. Біз кінәлі адамдардың жауапқа тартылғанын қалаймыз», – деді ол.
Қазіргі уақытта марқұмның отбасы атынан адвокат Бас прокуратура мен өзге де мемлекеттік органдарға шағымдар әзірлеп жатыр. Туыстары тергеудің созыла бермей, нақты қорытындымен аяқталып, қылмыстық істің сотқа жетуін талап етуде.
Соңғы жаңалықтар