Арыс әкімінің ұлы қатысқан жол апатынан студент екі аяғынан айырылды: шенеунік отставкаға кете ме?

15.07.2026 12:16 Әсел МҰРАТ
 Арыс әкімінің ұлы қатысқан жол апатынан студент екі аяғынан айырылды: шенеунік отставкаға кете ме?
170
Фото: әлеуметтік желіден

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Арыс қаласы әкімінің ұлы қоғамда резонанс тудырған қылмыстық іске қатысқан жағдайда мемлекеттік қызметші қандай әрекет етуі тиіс деген NewTimes.kz редакциясының сауалына жауап берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Сауалға Арыс қаласы әкімінің ұлына қатысты қозғалған қылмыстық іс негіз болды. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзып, салдарынан 21 жастағы студенттің денсаулығына ауыр зиян келтірді деген күдікке ілінген.

Еске салсақ, атышулы жол апаты Астана – Павлодар тасжолында болған. Салдарынан Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 21 жастағы студенті Талғат екі аяғынан айырылды. Hyundai Tucson автокөлігі жол жиегіндегі металл қоршауға соғылып, қоршау көліктің салонын тесіп өткен. Көлік тізгінінде Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараевтың 22 жастағы ұлы болған.

Қазір оған қатысты жол қозғалысы ережелерін бұзу салдарынан адамның денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Зардап шеккен жігіттің туыстары әкімнің қызметтік лауазымы тергеу барысына ықпал етуі мүмкін деген күмәндарын білдірген.

Осыған байланысты NewTimes.kz редакциясы мемлекеттік қызмет туралы заңнамада мұндай жағдайда әкімнің өзін істен шеттетуі, қандай да бір шешім қабылдау процестеріне қатысуын шектеуі немесе Әдеп кодексінде арнайы талаптардың қарастырылған-қарастырылмағаны жөнінде түсініктеме сұрады.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметінше, «Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы» заң мен Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің қызметтік және қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқына қойылатын жалпы талаптарды белгілейді. Алайда жақын туыстары жол-көлік оқиғасына қатысқан жағдайларға қатысты арнайы құқықтық нормалар көзделмеген.

«Аталған нормативтік құқықтық актілерде мемлекеттік қызметшілердің жақын туыстары жол-көлік оқиғасына қатысқан жағдайда олардың әрекет ету тәртібін реттейтін арнайы нормалар жоқ. Сондай-ақ мұндай жағдайларға қатысты жеке талаптар белгіленбеген. Осыған байланысты сауалда көтерілген мәселелер мемлекеттік қызмет туралы заңнамада және Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде жеке реттелмеген», – делінген Агенттіктің ресми жауабында.

Бұған дейін Арыс қаласының әкімі Қайсар Манқараев жол апаты кезінде көлікті өзінің ұлы тізгіндегенін растаған еді. Оның сөзінше, ол тергеу жұмысына араласпайды, ал ұлы заң алдында өз әрекеті үшін толық жауап беруі тиіс.

Войдите, чтобы оставить комментарий