Ашаршылық жылдарында дүниге келген Қазақстанның ең қарт тұрғыны - Түймегүл Темірбаева

Ашаршылық жылдарында дүниге келген Қазақстанның ең қарт тұрғыны - Түймегүл Темірбаева
30.09.2025 13:21
0
361
ФотоКоллаж: POLITICO.KZ(Фото: KZ24.NEWS)

Қазақстанның ең қарт тұрғыны Ұлытауда тұрады, деп хабарлайды KZ24.NEWS.

Қазақстанда 100 жастан асқан 440 адам тұрады, бірақ олардың арасындағы ең қарт тұрғын – Ұлытау облысында өмір сүріп жатқан Түймегүл Темірбаева. Биыл 115 жасқа толған ғасыр куәгері әлі де тың, тіпті қолынан инесін тастамай, кесте тігумен айналысады.

Қиындыққа толы ғұмыр

Түймегүл әже Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол тарихтағы ең ауыр кезеңдердің бірі ашаршылықты өз көзімен көрген ұрпақтың өкілі. Жастайынан еңбекке араласып, отбасын асырау үшін ерлермен бірге қой бағып, атқа мініп, жылқы да жайған.

«Қарағандыға барып сиыр саудық, сүт саттық. 25 жыл жылқы бақтық. Бармаған жер, баспаған жер жоқ. Атқа мініп шауып жүрдік, жылқы бақтық. Басымыз аман, деніміз сау болсын. Өмір ұзақ болсын», — дейді 115 жастағы кейуана.

Оның отағасы Аязбай Темірбай 1899 жылы туып, 95 жасында дүниеден өткен. Екеуі ауылдың барлық ауыртпалығын бірге көтерген.

Еңбектен қол үзбеген ана

Түймегүл әженің ұлы Сөртібай Темірбай анасының әлі күнге дейін тынымсыз екенін айтады. Үйдегілер өзіміз істейміз десе де, үй шаруасына араласып, отыра қалса кесте тігіп, бір орында отыра алмайды екен.

«Менің өзім Сөрті деген өзеннің жағасында туғанмын. Содан есімімді Сөртібай деп қойған ғой. Жылқы жайып жүргенде далада туғанмын ғой. Жұмыста жүрген уақытта кешкі тамағымызды дайындап қояды. Балаларға тамақ береді. Киіндіреді. Үйдің тірлігіне араласпаңыз, өзіміз тындырамыз десе де үйреніп қалған ғой. Көнбейді. Үнемі қимылдап жүреді. Отырып алып кейде өзі кесте тігіп отырады», — дейді ұлы.

Ауылдың абызы, елдің мақтанышы

Түймегүл Темірбаеваның еліміздегі ең қарт тұрғын екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де ресми түрде растаған. Ол бүгінде Ұлытау облысының Қызылжар кентінде тұрады және ауылдың қадірлі ақсақалына айналған.

«Біз осы ауылымызда 100-ден асқан қарт анамызды құрметтейміз. Мақтан тұтамыз. Мереке сайын балаларымыз зейнеткерге көмектесіп, сол кісіден бата алып тұрады. Еңбек адамы ғой. Жас кезінде жылқышы болған. Әр жұмысына жауапкершілікпен қарайтын еді. Таза, дастарханын жайып, қонағына барын салатын адам болды. Қазір біз ауыл тарихын білгіміз келсе, осы кісіге барып, ақпарат аламыз», — дейді Қызылжар кенті мектебінің оқу ісі бойынша меңгерушісі Алтын Жанбекова.

Бүгінде Түймегүл әже 4 баладан 20 немере, 25 шөбере сүйіп отырған бақытты ана. Оның бар тілегі елдің тыныштығы мен жұрттың амандығы.

Айта кетейік, жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий