Асхат Тарғын: "Мәрия арман едің" бейнебаянын Димаштың әкесі түсірді

25.09.2026 • 21:23 Томирис САҒЫНДЫҚ
Асхат Тарғын:
102
Фото: видеодан скриншот

Әнші Асхат Тарғын өзінің танымал туындыларының біріне бейнебаян түсіру кезінде Қанат Айтбаев пен оның отбасы тарапынан көрсетілген қолдау туралы айтып берді. Оның сөзінше, шығармашылық жолында Ақтөбедегі «Димаш Әли» студиясының ықпалы зор болған, деп хабарлайды Politico.kz.

Әнші бұл туралы "Кездесу" подкастында айтты. 

Орындаушы алғашқы бейнебаянын түсіру барысы мен Айтбаевтар отбасымен арадағы туыстық қарым-қатынасы туралы былай деді:

«Негізінен, жалғыз ол кісі емес, өзге де көптеген адамның көмегі тиді. Дегенмен, ол кісінің де жәрдемі зор болды. Себебі осы әнім Алматыда хитке айналған кезде, ол кісі маған бейнебаян түсіріп берді. Мен Ақтөбедегі «Димаш Әли» студиясына бардым, ол кезде олар сонда тұратын. Ол уақытта Димаш 8-9-сыныптарда оқитын болуы керек, бозбала жігіт еді. Содан Қанат ағаға барып, әнімнің хит болып жатқанын, бұрын өзінің де осы әнді айтқанын жеткіздім. Ол кісі: «Келе бер», – деді. Үйіне барғанымда, Света жеңгеміз шай қойып, Миуа апамыз да қарсы алды. Миуа апам мен менің анам бір рудан, Шалқар өңірінен болғандықтан, Қанат ағаны «бөлем» деп айтамын. Димаш кішкентайынан өлең айтады ғой», – деді Асхат Тарғын.

Сонымен қатар, әнші шығарманың сөзін өзгерту себебін, дыбыс жазу барысын және туынды авторына қатысты мәліметтерді бөлісті:

«Сол кезде Қанат аға: «Мария Магдалена» деген сөзді алып таста, бұл – христиандардың «Святая Мариясы», ұят болады, «Мария арман едің» деп өзгерт», – деді. Осылайша сөзін өзгерттік. Студияда Қанат ағаның қолы тимей жатқанда: «Димаш, дауысын жазып ал», – деп тапсырды. Димаш отырып дауысын жазып берді. Миуа апамыз да Қанат ағаға: «Аққанат, бұл бала – менің ауылымның баласы, шаруасын бітіріп бер», – деп қолқа салды. Негізінен, ол отбасымен өте жақсы, үлгілі қарым-қатынастамыз. Қанат аға көп ақша алған жоқ. «Жақсы дүние шығып, хит болып жатса, қолымнан келгенше қолдайын» деп, қолжетімді бағаға толықтай бейнебаян түсіріп берді. Бас-аяғында өзі жүрді. Сол клиптің арқасында ән кеңінен тарап, Алматыға келдік. Бұл әнді қалай атасаң да болады, арнайы атауы жоқ. Негізі «Мария Магдалена» деп те айта береді. Ал ән сөзін жазған – Шалқардағы өнерлі ағамыз Сайлаубек Елманов. Ол кісі бұл әнді итальянша нұсқасынан алған еді», – деді Асхат Тарғын.

Войдите, чтобы оставить комментарий