Астанада курьер сөмкесін асынған 9 жастағы бала жұртты алаңдатты

15.10.2026 • 10:41 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Астанада курьер сөмкесін асынған 9 жастағы бала жұртты алаңдатты
183
Фото: threads.com/@raimbek_tuleshev

Астанада өзінен үлкен курьерлік сөмке асынған 9 жастағы баланың оқиғасы жұрттың жүрегін елжіретті. Әлеуметтік желі қолданушылары анасымен бірге тапсырыс тасып жүрген оқушының отбасына көмектескісі келеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Threads желісінде жазба жариялаған қала тұрғыны хабарлады. Оның айтуынша, ол баланы қоғамдық автобуста кездестірген. Оқушы небәрі 9 жаста екенін, төртінші сыныпта оқитынын және курьер болып жұмыс істейтін анасына көмектесетінін айтқан.

Жазба авторының сөзінше, бала Wolt қызметінің курьерлік сөмкесін асынып жүрген. Тапсырыстарды мойнына тағып алған телефоны арқылы қабылдайтынын жеткізген.

«Автобуста Wolt курьері болып жүрген баланы кездестірдім. Айтуынша, төртінші сыныпта оқиды, жасы небәрі тоғызда. Анасына көмектеседі екен, анасы да курьер болып жұмыс істейді. Тапсырыстарды мойнына тағып алған телефоны арқылы қабылдайды. Көмектескім келді, бірақ келесі аялдамадан түсіп қалды. Байланыс нөмірін алып үлгермедім», – деп жазды ол.

Автор баланың жағдайына бейжай қарай алмағанын айтып, көпшілікті отбасына қолдау көрсетуге шақырған.

«Жүрегім ауырып кетті. Көмектесейікші. Ақша жетпейтінін түсінемін, бірақ бала балалығын көруі керек. Мен мұндай мәселелерді үнсіз қалдырудан шаршадым», – дейді жазба иесі.

Оның айтуынша, бұл оқиға қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге назар аудартуы тиіс.

«Осы жазбадан кейін бір адам болса да жас курьерлерге шайпұл қалдыра бастаса, Үкіметте жәрдемақы мәселесі көтерілсе, жұрт балалары бар аналардың жеткізу қызметіне жақсы өмірден шықпайтынын түсінсе екен деймін. Жағдайды өзгертуге аз да болса көмектесе аламыз деп үміттенемін», – деп жазды ол.

Желі қолданушылары баланың отбасына көмектескісі келеді

Жазба Threads желісінде қызу талқыланып жатыр. Көпшілік баланың отбасына қаржылай қолдау көрсетуге дайын екенін білдірген. Кейбірі оған ағылшын тілінен тегін сабақ беруді ұсынған.

Алайда желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді.

Бірі жазбаны өшірмеуді сұрап, балалардың еңбек етуі мен отбасылардың қаржылық қиындығына қоғам назарын аудару қажет екенін айтты.

Ал енді бірі баланың анасы жауапқа тартылып кетуі мүмкін деп алаңдап, жазбаны өшіруді ұсынған.

Жазба авторы баланың бет-жүзі көрсетілмегенін айтып, мұндай жағдайларды жасырып қалуға болмайтынын жеткізді.

Әзірге баланың отбасы туралы мәліметтер мен оның шынымен жеткізу қызметінде жұмыс істейтіні расталған жоқ.

Бұған дейін сәбиін көтеріп, тапсырыс тасыған ана жұрт назарын аударған

Еске салайық, бірнеше ай бұрын Алматыда 20 жастағы келіншектің сәбиін қолына көтеріп, арқасына курьерлік сөмке асынып, тапсырыс жеткізіп жүрген видеосы тараған болатын.

Бұл жағдай да әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік жас ананың тұрмысына алаңдаушылық білдірген.

Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қиын немесе дағдарысты жағдайда жүрген әйел курьерлерге көмектесуге арналған пилоттық жоба басталғанын хабарлаған еді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий