"Үстіңнен арыз жазамын": Бөпесін құшақтаған курьер-ананың оқиғасына нүкте қойылды

15.06.2026 11:06 Мөлдір ҚАЙНАР
550
Фото: коллаж politico.kz

Желіде сәбиін құшағына қысып, курьер болып жұмыс істеп жүрген ананың суреті тарағаннан кейін көпшілік оның тағдырына алаңдап, жан-жақты көмек көрсетуге ниет білдірген еді, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматылық блогер Алмат Несіпқалиев әйелді арнайы іздеп тауып, бірнеше күн бойы оған қол ұшын созуға әрекеттенгенін айтты. Оның сөзінше, алдымен анамен кездесіп, қажетті заттарын апарып берген. Кейін келісімімен бейнематериал түсіріп, халықтан қаржылай көмек жинауды жоспарлаған.

Блогердің айтуынша, түсірілім барысында отбасының жағдайымен толық танысып, құжаттарын, медициналық анықтамалары мен қаржылық мәселелерін тексерген. Алайда видео жарияланар сәтте күтпеген жағдай болған.

«Менің мақсатым – видеоны жариялап, халық болып көмек жинауды бастау еді. Бірақ олар өздері көмектен бас тартты. Мемлекет тарапынан көмек көрсетіліп жатқанын, уақытша баспанамен қамтамасыз етілгенін және жұмысқа орналастырылатынын айтты. Сондай-ақ видеоны жарияласам, үстімнен арыз жазатынын ескертті», – деді Алмат Несіпқалиев.

Ол бірнеше күн бойы бар уақытын осы іске арнағанын, шынайы ниетпен көмектескісі келгенін, алайда соңында отбасының шешіміне құрметпен қарап, бұл тақырыпты жабатынын мәлімдеді.

Осылайша, әлеуметтік желіде қызу талқыланған «курьер ана» оқиғасына әзірге нүкте қойылды.

Войдите, чтобы оставить комментарий