Атақты геологтың ұлы Атырау облысына әкім болып тағайындалды
Болат Ақшолақов Атырау облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Ақордада мәлім етті.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Болат Оралұлы Ақшолақов Атырау облысының әкімі лауазымына тағайындалды», – делінген хабарламада.
Ақшолақов бұл қызметтен босатылған Серік Шәпкеновтің орнын басты.
Болат Ақшолақов кім?
Атырау қаласының тумасы Болат Ақшолақов 1971 жылы дүниеге келген және ол Қазақ мемлекеттік басқару академиясын экономист мамандығы бойынша тәмамдап, кейін мұнай-газ өнеркәсібі саласында білімін жетілдірген. Еңбек жолын тоқсаныншы жылдардың басында банк саласында бастаған жаңа әкім кейінгі жылдары мұнай-газ секторында түрлі басшылық қызметтерді атқарды. Атап айтқанда, ол әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында, «Самұрық-Қазына» қорында, сондай-ақ энергетика министрлігінде жауапты басшы болды.
Мемлекеттік қызметте де мол тәжірибе жинаған ол 2022 жылдың басында энергетика министрі болып тағайындалса, 2023 жылдан 2025 жылдың ақпанына дейін Президент кеңесшісі ретінде жұмыс істеді. Биылғы жылдың ақпан айынан бастап KAZENERGY қауымдастығын, ал маусым айынан бері Қазақстан инвесторлары одағын басқарып келген. Оның ел алдындағы еңбегі ескеріліп, «Құрмет» орденімен марапатталған.
Жаңа әкімнің отбасылық өмірбаяны да қоғам назарында. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметіне сүйенсек, оның анасы Шығыс Қазақстан облысына танымал әрі ықпалды Чайжунусовтар әулетінен шыққан. Ал әкесі Орал Ақшолақов еліміздегі ірі мұнай-газ кен орындарын ашуға үлес қосқан белгілі ғалым әрі геолог болған, ол 2023 жылы өмірден озды.
Соңғы жаңалықтар