Атырау үстінде әскери жойғыш ұшақ неге ұшты? Қорғаныс министрлігі жауап берді

27.06.2026 11:16 Қарақат АСЫЛОВА
Атырау үстінде әскери жойғыш ұшақ неге ұшты? Қорғаныс министрлігі жауап берді
304
Видеодан кадр
Министрлік мән-жайды түсіндірді

Қорғаныс министрлігі Атырау қаласының аспанында байқалған әскери жойғыш ұшаққа қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі Су-30СМ жойғыш ұшағы қала үстінде жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындаған.

Министрлік мұндай жаттығулардың ұшқыштардың кәсіби даярлығын жетілдіру, ұшу машықтарын сақтау және авиациялық техниканы қауіпсіз пайдалану мақсатында тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті. Барлық ұшу бекітілген жоспарға сәйкес және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылған.

Сондай-ақ Қорғаныс министрлігі ұшақтың ұшуы штаттық режимде өткенін және тұрғындарға ешқандай қауіп төндірмегенін мәлімдеді.

Осыған байланысты ведомство әлеуметтік желілерде тараған түрлі қауесеттерге сенбеуге және тек мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сүйенуге шақырды.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Атырау аспанында ұшқан әскери ұшақтың видеосы тараған болатын. Куәгерлердің айтуынша, жойғыш ұшақ Нарсуд ауданының үстінен ұшып өтіп, кейін Сауда базары мен Жилгородок бағытына бет алған. Бұл жағдай қала тұрғындарының арасында қызу талқыланған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий