Атырауда әйелдерді дәретханада жасырын видеоға түсірмек болған жігіт ұсталды
Атыраудағы «Байзар» сауда орталығында әйелдер дәретханасында келушілерді жасырын түсірді деген күдікке ілінген жігіт ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға сауда орталығындағы әйелдер дәретханасында болған. Келушілердің бірі көрші кабинаның үстінен біреудің қарап тұрғанын байқап қалған. Әйелдердің айтуынша, жігіт оларды ұялы телефонға да түсірген болуы мүмкін.
Олар жігіттен кабинадан шығуын талап еткен. Алайда ол есікті ішінен құлыптап, сыртқа шығудан бас тартқан. Әйелдердің даусын естіген басқа келушілер де жиналып, жігітті шығуға көндіруге тырысқан.
Ақырында оқиға орнына сауда орталығының күзетшісі шақырылып, ол жігітті кабинадан алып шыққан. Жиналған әйелдер оған наразылықтарын білдірген.
Оқиға куәгерлерінің бірінің сөзінше, жігіттің телефонынан дәретханада түсірілген суреттер табылған. Алайда оның өзі мұны жоққа шығарып, дәлел талап еткен. Әйелдер полицияға арыздануға ниетті екенін айтқан.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жас жігіт ұсталып, әкімшілік жолмен ұсталғандарға арналған камераға қамалған. Оған ұсақ бұзақылық жасады деген айып тағылып отыр.
Сонымен қатар полиция әзірге әйелдерді жасырын түсіру дерегі расталған-расталмағанын нақтылаған жоқ.
Соңғы жаңалықтар