Атырауда пәтерлерді кезектен тыс таратқан шенеуніктің үкімі күшінде қалды

03.08.2026 22:34 Қанат Айбар
Атырауда пәтерлерді кезектен тыс таратқан шенеуніктің үкімі күшінде қалды
252
Фото: Pexels.com

Атырау облыстық соты қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлжамал Жолдасоваға қатысты шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды. Мемлекеттік пәтерлерді заңсыз берді және қызметтік жалғандық жасады деп айыпталған шенеуніктің апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ақ Жайыққа сілтеп.

Еске сала кетейік, 29 мамырда №2 қалалық сот Жолдасованы кінәлі деп танып, оған 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын. Сонымен қатар сотталушыға пробациялық бақылау белгіленіп, мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылды. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін оған дейін қолданылған бұлтартпау шарасы жойылып, үйқамақта отырған уақыты жаза мерзіміне есептелді.

Іс материалдарына сүйенсек, Жолдасова қалалық тұрғын үй комиссиясының мүшесі ретінде үміткерлердің құжаттарын тексеруге, баспана алушылар тізімін әзірлеуге және кезекте тұрғандарды үймен қамту жұмыстарын ұйымдастыруға жауапты болған. Тергеушілердің мәліметінше ол өзінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, кейбір азаматтарға кезекті айналып өтіп пәтер алуға және жалған құжаттар жасауға көмектескен. Айыптау актісінде қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланудың 5 эпизоды мен жалған құжат жасаудың 2 фактісі көрсетілген.

Сот отырысында қорғаушы тарап істі прокурорға қайтаруды талап етті. Адвокаттар мен Жолдасованың өзі баспана бөлу туралы шешімді тұрғын үй комиссиясы алқалы түрде қабылдайтынын алға тартып, қылмыстық іс неліктен комиссияның тек бір мүшесіне ғана қатысты қозғалғанымен келіспеді. Алайда бірінші сатыдағы сот бұл уәждерді негізсіз деп тауып, қабылдамады.

Қорғаушылар үкіммен келіспей шағым түсіргенімен, апелляциялық алқа сот шешімін өзгертуге ешқандай негіз таппады. Апелляциялық қаулы жарияланғаннан кейін Жолдасова редакцияға бас прокурордың атына наразылық келтіру туралы өтінішхат жолдап, істі қайта қарауға қол жеткізуді көздеп отырғанын жеткізді.

Войдите, чтобы оставить комментарий