Атышулы Хасан Шерзаттың әкесінің досын жәбірлегені анықталды

2021 жылы өзін ұрлап, ұрып-соғуды Хасан Қасымбаев ұйымдастырғанын мәлімдеген ММА спортшысы Арман Әлімовтің ісіне қатысты жаңа мәліметтер пайда болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Orda.kz -ке сілтеме жасап.
Orda.kz дереккөздерінің хабарлауынша, Әлімов қаза болған жасөспірім Шерзат Болаттың әкесімен мектеп кезінен бері дос болған.
Ақпаратқа сәйкес, спортшы мен жасөспірімнің отбасы арасында байланыс болуы мүмкін. Дереккөздің мәліметінше, Арман Әлімов марқұм Шерзат Болатты жаттықтырған болуы ықтимал.
«Әлімов Шерзаттың әкесінің досы әрі сыныптасы», – деп түсіндірді сұхбат беруші.
Еске салсақ, бұған дейін Хасан Қасымбаевқа қатысты «Адам ұрлау», «Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» және «Бопсалау» баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
Жақында Арман Әлімовтің анасы Orda.kz-ке сұхбат беріп, 2021 жылдың маусым айында ұлының ұрланып, соққыға жығылғанын айтты. Оның сөзінше, қазан айының соңында оларды Алматы облыстық полиция департаментіне қайта шақырып, жауап алған.
«2021 жылы 17 маусымда баламды ұрып-соғып, ұрлап әкетті. Оны елсіз жерге апарып, азаптады. Сот күресі үш жылға созылды, енді іс қайта қозғалған секілді. Біз айғақ бердік, ал менің ұлым бұл қылмысқа тапсырыс берген адам ретінде Қасымбаевты көрсетті», – деді спортшының анасы.
Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Соңғы жаңалықтар





