"Әуелі заң жобасы орысша жазылады": Сенатор мемлекеттік тіл мәселесін көтерді

Сенатор мемлекеттік тілдің заң шығару саласындағы мүшкіл жағдайын сынға алды, деп хабарлайды NEGE.KZ.
Астана. 13 қазан. Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай заң шығару ісіндегі мемлекеттік тілдің мүшкіл халін сынға алып, бұл салада түбегейлі өзгерістер қажет екенін мәлімдеді. Парламентаризм институты ұйымдастырған жиында сенатор тәуелсіздік жылдарында тек екі заңның ғана түпнұсқасы қазақ тілінде әзірленгенін алға тартты.
Бүгінгі таңда заң жобаларының 70 пайыздан астамы алдымен орыс тілінде дайындалып, кейіннен мемлекеттік тілге аударылады. Бұл үрдіс заң тілінің сапасына кері әсерін тигізіп, көп жағдайда құжаттың мағынасын түсінуді қиындатады. Нәтижесінде, азаматтар заңның орысша нұсқасына жүгінуге мәжбүр. Депутаттың пайымдауынша, құжатты әуел бастан қазақша ойланып, қазақша жазу оның сапасын арттырар еді. Ол үшін заң жобасын әзірлейтін жұмыс топтары екі тілді болуы тиіс.
«Осы 34 жылда тек екі заң ғана мемлекеттік тілде жазылыпты. Қазір қазақ тілінде сөйлейтін халықтың саны артты ғой. Ресми мәлімет бойынша, 80 пайыздан астамы қазақша сөйлейді, түсінеді. Әуелі заң жобасы орысша жазылады да, дайын болған соң ғана қазақшаға аударылады. О баста қазақша ойланып, қазақша жазылса, оның сапасы да басқаша болады. Заңның негізгі бөлігі Үкіметтен дайындалып келеді. Одан кейін аударылады, Мәжіліс қарап, Сенатқа өткізеді. Менің ұсынысым – екі тілдегі мәтін қатар жазылуы керек. Яғни, жұмыс тобы екі тілді болуы тиіс. Бізде көбінесе орыстілді», – дейді Бибігүл Жексенбай.
Бұған дейін мемлекеттік тілді дамытуға арналған үш бірдей мемлекеттік бағдарлама қабылданғанымен, олардың нәтижесі көңіл көншітпейді. Себебі, бұл бағдарламалар негізінен тіл үйрету орталықтарын ашу, оқулықтар шығару секілді инфрақұрылымдық мәселелерге бағытталған. Алайда, тілді қолдануды міндеттейтін және орындалмаған жағдайда жауапкершілік жүктейтін нақты құқықтық тетіктер болмады.
Елімізде іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге бірінші кезекте Үкімет пен министрліктердің өзі көшуі тиіс еді. Алайда, ресми ақпараттар әлі күнге дейін алдымен орыс тілінде таратылады. Бұл жүйелік қайшылықтың басты себебі – заңнамада «міндеттеу» мен «жаза» тетіктерінің жоқтығы. Бибігүл Жексенбайдың пікірінше, Үкімет пен министрліктерге құжат айналымын қазақ тілінде жүргізуді заңмен бекітсе, төменгі буын өздігінен осы тәртіпке бейімделеді.
Сенатор сондай-ақ, тіл саясатындағы жаңа кезең цифрландырумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Егер қазақ тілі цифрлық платформаларға, чат-боттарға, мемлекеттік порталдар мен жасанды интеллект жүйелеріне толыққанды енгізілсе, тілдің қолдану аясы заңсыз-ақ кеңейе түседі. Бұл, әсіресе, заңдардағы терминдердің бірізділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазір бір термин әртүрлі заңда түрліше жазылып, шатасуға әкеліп соғуда.
«Бұрын тіл саясаты «қағаз жүзінде» жүрді, енді ол «цифрлық кеңістікте» жүріп жатыр. Егер біз қазақ тілін цифрлық өнімдерге, атап айтқанда платформалар, чат-боттар, мемлекеттік порталдар, жасанды интеллект жүйелеріне енгізсек, тілдің болашағы сол жерде шешіледі. Цифрлық контент, аудиовизуалдық өнімдер мен мемлекеттік онлайн-сервистер қазақ тілінде толыққанды дамыса, тілдің беделі мен қолдану аясы заңсыз-ақ кеңейеді. Яғни, цифлық жүйе заңдардың сәйкестігін, бекітілген терминдердің бірізділігін қамтамасыз етеді. Жасанды интеллект арқылы қордағы сөздерді орнымен қолдануға бағыттайды. Қазір бір термин бір заңда басқаша, екіншісінде мүлдем басқаша пайдаланылады. Содан кейін қазақ тіліндегі заңдарды адамдар түсінбейді де орыс тіліндегі нұсқасын оқуға мәжбүр болады», – деп есептейді ол.
Шетелдік тәжірибеге сүйенсек, Еуропа Одағында IATE, Канадада TERMIUM Plus атты бірыңғай көптілді терминологиялық дерекқор жұмыс істейді. Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия секілді елдерде де терминологияны біріздендіретін арнайы мемлекеттік комиссиялар бар. Қазақстанда да Ғылым және жоғары білім министрлігі 1600 терминнен тұратын сөздік жобасын әзірлегенімен, оны стандарттау жұмысы әлі алда.
Қорыта айтқанда, сенатор мемлекеттік тіл мәртебесін шынайы арттыру үшін үш нақты қадам жасау керектігін ұсынды: заңнамалық деңгейде міндеттеу, әкімшілік жауапкершілік пен бақылауды күшейту және цифрлық кеңістікте басымдық беру.
Соңғы жаңалықтар





