Ауыл әкімі кісі өлімімен аяқталған апатқа ұшырады

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық округінің әкімі Дулат Дәулетәлиев Маратұлы адам өлімімен аяқталған жол апатына ұшырады. Ең қызығы, оқиға оның жұмыс орнынан жүздеген шақырым қашықтықтағы Райымбек ауданының таулы аумағында болған, деп хабарлайды Orda.kz.
Белгілі болғандай, апат 13 қыркүйек күні кешкі сағат жеті жарым шамасында Нарынқол - Сарыжаз бағытындағы тас жолда тіркелген. Әкім Панфилов округі әкімдігінің балансында тұрған Bestune T55 қызметтік көлігін (мемлекеттік нөмірі 101 BG 05) өзі жүргізген. Көлік бірнеше рет аударылып кеткен.
Апат салдарынан 38 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы бір 34 жастағы жолаушы мен әкім ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне жеткізілді.
Тұрғындар арасында бұл жағдайға қатысты көптеген сұрақ туындап отыр. Көпшілігі шенеуніктің демалыс күні, кешкі уақытта, әрі қызметтік көлікпен басқа ауданның тауына не мақсатта барғанын біле алмай отыр. Куәгерлердің айтуынша, көлікті дәл сол Дәулетәлиев жүргізген және апат алдында көлік жолда теңселіп жүрген.
Қазір бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігімен «Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда адам өліміне әкелу» сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Дегенмен адам өліміне себеп болған шенеуніктің неге әлі қызметінен шеттетілмегені белгісіз. Талғар ауданының әкімдігі де, облыстық билік те бұл жағдайға қатысты нақты түсініктеме берген жоқ.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен өңір прокурорына жолданған ресми сауалға әкімдік қысқаша жауап қайтарған:
«Қазіргі уақытта облыста ЖКО дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Процессуалдық әрекеттер аяқталғанға дейін және Д.М. Дәулетәлиев уақытша еңбекке жарамсыздықтан шыққанға дейін қызметтік тергеу жүргізу мерзімінен бұрын болып табылады», - делінген хабарламада.
Ал жергілікті белсенділердің айтуынша, жарақат алған әкімнің жағдайы жақсарып, ол жақын күндері қайта жұмысқа шығуға дайындалып жатыр.
Дәулетәлиев Дулат Маратұлы - 1986 жылы Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін "Қаржыгер" мамандығы бойынша, 2014 жылы Алматы университетін "Құқықтану"мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2012 жылы Панфилов ауылдық округі әкімі орынбасарының м.а. болып бастады. 2013 жылғы 12 наурыздан бастап 2022 жылдың 16 қазанына дейін Талғар ауданы Панфилов ауылдық округі әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылдың 16 қазанынан бастап Талғар ауданы Панфилов ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Соңғы жаңалықтар





