Тоқаев: Каспий итбалықтарының саны миллионнан 270 мыңға дейін азайды

09.10.2026 • 18:50 Томирис САҒЫНДЫҚ
Тоқаев: Каспий итбалықтарының саны миллионнан 270 мыңға дейін азайды
139
Фото: Ақорда

Ақорданың баспасөз қызметі хабарлағандай, алғашқы Каспий экология саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі су ресурстарының тартылуы мен биоалуантүрліліктің жойылу процесіне қатысты алаңдаушылық білдірді. Президент келтірген ресми мәліметтер бойынша, 2000 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта Каспий теңізінің акваториясы 16 мың шаршы шақырымнан астам алаңға қысқарған. Оған қоса, антропогендік және климаттық факторлардың әсерінен соңғы ғасырда каспий итбалықтарының саны миллионнан 270 мыңға дейін, яғни төрт есеге жуық төмендегені тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.

"Каспий — бірегей табиғи қазына, миллиондаған адамның тіршілік көзі, күллі Еуразия құрлығындағы негізгі көлік және энергетика торабы. Сондықтан теңіз экожүйесін сақтауға, ең алдымен, біздің мемлекеттеріміз мүдделі болуы керек. Осы орайда, мұны тек экологиялық дағдарыс емес, салдары өте қауіпті экономикалық ахуал деп бағалаған Иран Президенті Масуд Пезешкиан мырзаның пікірін құптаймын. Егер қазір жедел әрі батыл шаралар қабылданбаса, экологиялық жағдай күрт нашарлауы ықтимал. Бұл Каспий маңында орналасқан елдердің халқына ғана емес, әлемдік қоғамдастыққа да зардабын тигізеді. 2000 жылдан 2025 жылға дейін тартылған теңіз аумағы 16 мың шаршы шақырымнан асты. Жекелеген учаскелерде су жағадан ондаған шақырымға дейін алыстап кеткен. Каспийге келіп құятын өзен суының азаюы, климаттың жылынуы, антропогендік жүктеменің артуы нәзік табиғи жүйе мен теңіздің биоалуантүрлілігіне өте жағымсыз әсер етіп, орасан нұқсан келтіреді. Каспий итбалықтарының ахуалы қатты алаңдатады. Соңғы ғасырда олардың саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайды", — деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Каспий экология саммитін ұйымдастыру идеясын уақытылы алға тартқан Түрікменстан басшысы Сердар Бердімұхамедовке ерекше алғыс білдірді. Мемлекет басшысы бұл басқосудың тарихи мәніне тоқталып, Каспий теңізінің маңындағы елдер мен аймақ тұрғындары үшін стратегиялық маңызы өте жоғары екенін қадап айтты.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий