«B допинг-сынамасы ашылды, дұғада болайық»: Федерация Әлімханұлы туралы мәлімдеме жасады

09.01.2026 10:56 Әсел Мұрат Әсел Мұрат
«B допинг-сынамасы ашылды, дұғада болайық»: Федерация Әлімханұлы туралы мәлімдеме жасады
0
650
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Жәнібек Әлімхан

 Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы Жәнібек Әлімханұлына қатысты жағдай бойынша ресми мәлімдеме жасап, B сынамасының ашылуы мен талдануы туралы процестің мән-жайын айтты , деп хабарлайды Politico.kz.

Федерацияның хабарлауынша, бұл процесс спортшының мансабына ғана емес, іске қатысы бар барлық тараптардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге негіз болады.

«Жәнібек Әлімханұлының ісі бойынша B сынамасын ашу - заңдық тұрғыдан шешуші кезең. Бұл тек спортшының мансабына емес, іске қатысушы барлық тараптардың әрекеттеріне құқықтық баға беруге тікелей әсер етеді», - делінген ресми мәлімдемеде.

Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясы халықаралық спорт құқығының негізгі қағидаттарын қатаң ұстанатынын атап өтті. Атап айтқанда, кінәсіздік презумпциясы, процестік адалдық және бекітілген регламенттердің сақталуы басты орында.

«B сынамасының ресми нәтижелері алынғанға дейін спортшы заңды түрде кінәсіз болып саналады. Айыптаушы сипаттағы кез келген жария мәлімдемелерді біз процестің әділдігіне қысым көрсету және спортшының құқықтарын бұзу деп есептейміз», - деп мәлімдеді федерацияның баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ведомство B сынамасының ашылуы мен талдануы халықаралық талаптарға толық сәйкес жүргізілуі тиіс екенін қадап айтты. Федерация спортшы мен оның өкілдері процестің барлық кезеңдері мен нәтижелеріне толық қол жеткізуі қажет екенін алға тартты.

«Регламенттен кез келген ауытқу нәтижелердің жарамсыз деп танылуына негіз болуы мүмкін», - деп ескертті ұйым өкілдері.

Федерация Жәнібек Әлімханұлын қорғауды өз міндеті санайтынын жеткізді.

«Федерация Жәнібек Әлімханұлын тіркелген кәсіби боксшы ретінде қорғауды жүзеге асырады және оның құқықтары мен беделін қорғау үшін барлық заңды тетіктерді қолданады", - делінген мәлімдемеде.

B сынамасы таза деп танылған жағдайда, федерация барлық айыптауларды ресми түрде алып тастауды және спортшының беделін жария түрде қалпына келтіруді талап ететінін де ашық айтты.

«B сынамасы таза деп танылған жағдайда, біз барлық айыптауларды ресми түрде алып тастауды, спортшының беделін жария түрде қалпына келтіруді және іс барысында жіберілген әрекеттерге құқықтық баға беруді талап етеміз», - деді ұйымдағылар.

Ал егер заң бұзушылықтар дәлелді түрде анықталса, федерация тиісті шешімдер регламент аясында қабылданатынын атап өтті.

Мәлімдеме соңында ұйым бұл мәселеде эмоцияға емес, құқыққа сүйену керектігін қадап айтты.

«Бастысы - эмоция емес, құқық. Тек заңға сай алынған B сынамасының нәтижесі ғана қорытынды жасауға негіз бола алады», - деп түйіндеді федерация.

Федерация президенті Рахымжан Ерденбеков те Жәнібекке қолдау білдірді

«Сонымен В үлгісі ашылды. Дұғада болайық, қазақ елім. Нәтижелерін күтіп отырмыз», - деп жазды Ерденбеков Instagram парақшасында.

Айта кетейік, 2025 жылдың 6 желтоқсанында Жәнібек Әлімханұлы жоспар бойынша WBA чемпионы Эрисланди Ларамен үш чемпиондық белбеуді біріктіру жекпе-жегіне шығуы тиіс болған. Алайда VADA жүргізген допинг-сынамада мельдоний анықталғандықтан, кездесу өтпей қалды.

Енді Жәнібек Әлімханұлының B допинг-сынамасы 2026 жылдың 8 қаңтарында ашылатынын жазған едік.


 

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий