"Бала күнгі арманым еді": Әнші Садраддин көпбалалы анаға пәтер сыйлады
Хит әндерімен танымал әнші Садраддин бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға пәтер кілтін табыстап, қуанышқа бөледі, деп хабарлайды Politico.kz.
Өнер иесі бұл қайырымдылық сәтін Instagram парақшасында бейнежазба арқылы көрсетті. Бейнероликтің сипаттамасында «5 жасар бала күнгі Садраддиннің арманы орындалды» деп жазылған.
Әншінің айтуынша, бала кезінде анасымен бірге жалдамалы пәтерлерде күн кешіп, өз баспанасы болуын армандаған.
"Қазір шүкір, Құдай сондай мүмкіндік беріп тұрған кезде біз де бір отбасын қуантып, арманын орындайық деп шештік. Себебі "өз баспанамыз болса" деген – менің бала күнгі арманым еді. Қазір пәтер жалдап тұру көпбалалы жалғызбасты анаға – үлкен проблема. Сол күн де келіп жетті, Алланың қалауымен бір кісіге пәтер сыйлаймыз", – деді Садраддин.
Жаңа баспана денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз деп танылған бес баланың анасына бұйырды.
Әнші қуанышты хабарды алдын ала ескертпей, тосынсый жасаған. Ол отбасын мектепке балаларға киім алып береміз деген сылтаумен шақыртып, пәтер кілтін табыстады. Күтпеген сыйлықты алған ана көз жасына ерік беріп, өнер иесіне ризашылығын білдірді.
Соңғы жаңалықтар