Бангкоктен жеткізген жүгі үшін 22 жастағы қазақстандық 16 жылға қамалды

22.07.2026 18:41 Қарақат АСЫЛОВА
Бангкоктен жеткізген жүгі үшін 22 жастағы қазақстандық 16 жылға қамалды
246

Алматыда Таиландтан аса ірі көлемде есірткі заттарын елге заңсыз алып өтпек болған 22 жастағы Қазақстан азаматы 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бойжеткенді аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасы және оларды заңсыз айналымға енгізу бойынша кінәлі деп таныды.

Сот материалдарына сәйкес, сотталушы ақшалай сыйақы үшін Таиландтың Бангкок қаласынан Қазақстанға жалпы салмағы 8,8 келі каннабис сығындысы салынған екі чемоданды жеткізуге келіскен.

Алайда заңсыз жүк діттеген жеріне жетпеді. Күдікті Алматы халықаралық әуежайына ұшып келген сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан ұсталды. Тексеру барысында чемодандардың ішінен есірткі заты тәркіленді.

Прокуратура азаматтарды әлеуметтік желілерде таралатын «оңай табыс», тегін шетелге саяхат немесе күмәнді тасымалдау қызметтері туралы ұсыныстарға сенбеуге шақырды. Ведомствоның мәліметінше, мұндай ұсыныстардың басым бөлігі халықаралық есірткі тасымалдау желілерінің бір бөлігі болуы мүмкін.

Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енді.

Войдите, чтобы оставить комментарий