«Банкирлер үшін бөлек сот бар сияқты»: Экс-министр Елжан Біртанов банкир Ертаевтың бостандыққа шығуына қатысты пікір білдірді

Қазақстанның бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында белгілі банкир Жомарт Ертаевтың мерзімінен бұрын босатылуына қатысты ойымен бөлісті.
Ол өз жазбасында өзінің де мемлекет алдында өтелмеген қарызы бар екенін, бірақ сол себепті сот оның мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтінішін қараудан бас тартқанын айтты.
«Мен де қарыздармын, бірақ Ертаевқа қарағанда сомасы жүз есе аз, әрі Олжас Әбішевпен бірге. Соған қарамастан, сот менің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішімді қарауға да қабылдаған жоқ, өйткені қарызым өтелмеген. Біз, өзгелерге қарағанда, ешкімнің қаржысын ұрлаған жоқпыз. Банкирлер үшін бөлек сот бар сияқты…», – деп жазды Біртанов.
Естеріңізге сала кетейік, Елжан Біртанов пен оның қол астында жұмыс істеген бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне қатысты істің негізгі фигуранттары болған. 2022 жылдың қазан айында сот үкімімен олар «бюджет қаражатын жымқырды» және «қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды» деп танылған.
Сот үкіміне сәйкес, Елжан Біртановтың бостандығы 5 жылға, ал Олжас Әбішевтің бостандығы 4 жылға шектелген болатын.
Соңғы жаңалықтар





