«Бәсекелес емес, дос болу керек»: Роза Рымбаева келінге деген көзқарасын айтты
Әнші Жазира Байрбекова концерттердің бірінен түсірілген сахна сыртындағы видеомен бөлісті. Кадрларда ол Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаевамен бірге бейнеленген. Сахнаға шығуды күткен өнер иелері грим бөлмесінде әңгімелесіп, сөз отбасы мен келінге деген қарым-қатынас тақырыбына ойысқанын, деп хабарлайды Politico.kz.
Жазираның айтуынша, парасатты, өнегелі адамдармен тілдесу – ерекше құндылық. Оның сөзінше, мұндай сәттер «он жылдап өмір сүргендей әсер қалдырады», ал Роза апайдың әңгімелері өмірлік тәжірибе мен терең даналыққа толы болған.
Болашақта ене болуға дайындалып жүргенін айтқан Жазира Байрбекова аға әріптесінен келінмен сыйластықтың сыры туралы пікірін сұрайды. Оған жауап берген Роза Қуанышқызы келіннің отбасыға қосылған жай ғана адам емес, уақыт өте келе шаңырақтың ұйытқысы, дәстүрдің жалғастырушысы болатынын атап өтті.
«Біз мәңгі емеспіз. Бір күні сол келін үйдің үлкені болып, әулеттің жолын жалғайды», – деді ол. Сондықтан келінге ерекше ықылас пен жауапкершілікпен қарау қажет екенін жеткізді.
Халық әртісінің айтуынша, жас келінді жылылықпен бағыттап, сабырмен үйрету маңызды:
«Егер оған қамқорлық көрсетіп, негізін үйретсең, ары қарай өзі-ақ алып кетеді».
Роза Рымбаеваның пікірінше, жас ұлғайған сайын отбасының берекесін сақтауда келіннің рөлі айқын көріне бастайды.
Әнші сондай-ақ өз отбасында келін Ақерке Бүркітбаймен ақылдасу қалыпты дәстүрге айналғанын айтты.
«Келінмен бәсекелесу емес, дос болу керек. Бөлісетін ештеңеміз жоқ – мақсатымыз да, жауапкершілігіміз де ортақ, ол – отбасымыз», – деп түйіндеді ол.
Соңғы жаңалықтар