Баян Алагөзова сәлем салу дәстүрін сынап тастады

Танымал продюсер, актриса Баян Мақсатқызы қазақ дәстүріндегі сәлем салуды сынап тастады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Өнер иесі қазақ қыздарының сәлем салуы мен ел алдында иілуін құптамайтынын ашық айтты. Оның айтуынша, бұл – оның тәрбиесіне, дүниетанымына сәйкес келмейтін құбылыс.
Алматыға келгенімде Шымкенттен келген қыздардың үнемі иіліп, сәлем салуы мен үшін таңсық болды. Бұл әрекеттері маған жабайылық секілді көрінді. Не үшін иілесіңдер деп сұрасам, олар үшін бұл қалыпты жағдай екен. Бірі мұны сыйластықтың белгісі десе, бірі дәстүр деп түсіндіреді. Кешіріңіздер, мен әкемді де, атамды да құрметтеймін. Үлкендерге, ер азаматтарға сыйластықпен қараймын. Бірақ мен үшін иіліп сәлем салу – жат нәрсе. Маған мұны ешкім үйреткен жоқ, үйретуі де мүмкін емес. Өйткені менің таңдауым – еркіндік. Әжем мені еркін етіп тәрбиеледі, – деді продюсер.
Сонымен қатар, ол Кеңес заманында ержүрек батыр қыздардың көбінесе Батыс Қазақстаннан шыққанын атап өтті.
Әжем бізге 'біздің әпкелеріміз ат үстінде жүрген' деп айтып отыратын. Шынында да, соғыс кезінде ерлік көрсеткен қазақтың батыр қыздарының дені – Орал мен Ақтөбеден шыққандар. Осы күнге дейін Шымкент пен Тараздан батыр қыздың шыққанын естідіңіз бе? Демек, батыстың қыздары еркіндікті жанына жақын көреді. Дәл осы өңірде дүниеге келгеніме қуанамын – деп ойын қорытындылады Баян Мақсатқызы.
Соңғы жаңалықтар





