Баян Алагөзованың үлкен қызы күйеуі жайлы қауесетке нүкте қойды

Баян Алагөзованың үлкен қызы күйеуі жайлы қауесетке нүкте қойды
24.10.2025 09:33
0
212
Ашық дереккөз

Танымал продюсер Баян Алагөзованың қызы, белгілі блогер Айсәуле Бақытбек Instagram парақшасында оқырмандары жиі қоятын сұрақтарға ашық жауап беріп, жеке өміріне қатысты қауесеттерге нүкте қойды.

Көпшілік оның парақшасында күйеуі мен балаларының суреттерінің болмауына назар аударып, «отбасында бір мәселе бар ма?» деген ой айтқан еді. Алайда Айсәуле мұндай пікірлерді жоққа шығарып, бәрі жақсы екенін мәлімдеді.

«Бұл сұрақты екінші рет қатарынан қойып жатыр. Әрине, бұл – жаңа оқырмандар шығар. Ал бұрыннан мені білетіндер күйеуімнің стористе көрінбеуі – қалыпты жағдай екенін біледі. Мен жай ғана отбасымды көрсетпеймін. Құдайға шүкір, бәрі жақсы», – деді ол.

Сондай-ақ блогер балаларын әлеуметтік желіде көрсетпеуінің себебін түсіндірді:

«Егер олар өскенде мұны қаламаса ше? Ал жүз мыңдаған бөтен адамдар олардың түрін, қалауын, жеңісі мен жеңілісін біліп қояды ғой. Шынымды айтсам, ересек адамдардың бөтен балаларды көруге құмарлығы біртүрлі көрінеді. Балаларымның қайда оқитынын, қандай үйірмеге баратынын миллион адам білгенін қаламаймын. Олар – бала. Әлеуметтік желінің өзі бізді, ересектерді, шаршатады, ал балаларға мүлде орын жоқ деп ойлаймын», – деді Айсәуле.

Ол сонымен қатар кейбір ата-аналардың балаларын жиі видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауын сынға алды:

«Ойланып көрдіңіздер ме, өскенде балаларыңыз ондай видеоларды біреулер көргенін қалай ма? Кейбіреулер “балам өзі түсіргісі келеді” дейді, бірақ үш жастағы бала Instagram дегеннің не екенін түсіне ме?» – деп түйіндеді блогер.

Айсәуле Бақытбек өз сөзінде отбасында бәрі жақсы екенін, бірақ жеке өмірін көпшіліктің назарынан жырақ ұстауды жөн көретінін нақты айтып өтті.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий