«Базара нет, Базарбек!»: Депутат таудағы жерлерді кімдерден қайтарып жатқанын айтты
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Алматының ең шұрайлы, тау бөктеріндегі жерлерін заңсыз иемденген алпауыттарға қарсы ашық майдан ашты. Халық қалаулысы бұл учаскелердің артында ескі Қазақстанның ең ықпалды тұлғалары тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутаттың бастамасымен Алматы қалалық Жер ресурстарын басқару департаменті тау бөктерін қопарып, сай-саланы топырақпен толтырып, табиғатқа қастандық жасалып жатқан аумақтарды тексеруге кіріскен.
Нәтижесінде, 74 жер учаскесінің заңсыз берілгені анықталды. Қазірдің өзінде қалалық департамент оның 30-ы бойынша сотқа талап арыз түсіріп үлгерген. Қалған 44 учаске бұрынғы облыс аумағына қарайтындықтан, оларды қазір Алматы облыстық департаменті тексеріп жатыр.
Бақытжан Базарбек бұл жерлердің иелері жәй адамдар емес екенін айтты.
«Басқаша айтқанда, бұл жерлердің артында қарапайым адам тұрған жоқ, жерлердің артында мысалыға алсақ, Болат Назарбаев, Forbes тізіміндегі кәсіпкерлер, сол сияқты бұрыңғы Президенттің қарамағындағы ел басқарған шенеуніктерге тиесілі жерлер бар! Мен үшін тексерілетін жердің кім тұрғаны маңызды емес, керісінше жер бенефициарының әлеуметтік қызметтік маңсабы неғұрлым жоғары тұрса соғұрлым оның жерін тексеруге мотивациям жоғары. Біліп қойңыздар! Заңның алдында барлығы бірдей!» — деп жазды депутат.
Әріптесінің бұл батыл қадамын Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те қызу қолдады.
«Базара нет, Базарбек! Менің әріптесім бәріне үлгереді: заңды да қатайтып жатыр, Алматы тауларындағы олигархтар заңсыз алған жерлерді де халыққа қайтарып жатыр. ТЕК АЛҒА!», — деп жазды Әбенов.
Еске сала кетейік, бұған дейін Бақытжан Базарбек алаяқтыққа қарсы заң жобасына енгізген өзгерістеріне байланысты қаржы ұйымдарының шағымына тап болғанын хабарлаған еді.
Соңғы жаңалықтар