Белгілі спортшы жоғары қызметке тағайындалды

Абай облысы Аягөз ауданы әкімінің орынбасары қызметіне белгілі балуан, «Қазақстан Барысы» турнирінің екі дүркін чемпионы Айбек Серікболұлы Нұғымаров тағайындалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Айбек Нұғымаров 1987 жылы 3 маусымда Абай ауданының Құндызды ауылында дүниеге келген. Ол Семей политехникалық колледжін және Семей мемлекеттік педагогикалық институтын, сондай-ақ Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін тәмамдаған. Кейін Еуразия ұлттық университетінде құқықтану магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2010 жылы Семей қаласындағы Олимпиадалық резервтегі №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы-оқытушы болып бастаған. 2013–2019 жылдары ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт түрлері мектебінде аға нұсқаушы-әдіскер қызметін атқарды. 2019 жылдан бері Семей қаласындағы Көлік колледжінің директоры болған.
Айбек Нұғымаров – қазақ күресінен еңбек сіңірген спорт шебері, дзюдо және самбо бойынша спорт шебері. Ол — қазақ күресінен он дүркін Қазақстан чемпионы, төрт дүркін Азия чемпионы, төрт мәрте әлем чемпионы, үш мәрте «Әлем Барысы» және екі мәрте «Қазақстан Барысы» атанған.
Сонымен қатар ол «AMANAT» партиясының Саяси кеңесінің мүшесі және Абай облыстық мәслихатының VII және VIII шақырылым депутаты болған. Айбек Нұғымаровтың еңбегі үшін алған мемлекеттік және салалық марапаттары бар.
Соңғы жаңалықтар





