Бестерек ауылында көлік бір топ баланы қағып кетті: Үш бала көз жұмды

Кеше, 19 тамыз күні Абай облысы, Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында бүкіл елді дүр сілкіндірген жол-көлік оқиғасы болды. Toyota көлігінің жүргізушісі үйдің қасында ойнап жүрген балаларды қағып кетті.
Қайғылы оқиға кеше Бестерек ауылында орын алды. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota автокөлігінің 55 жастағы жүргізушісі көлік тізгініне ие бола алмай, жол жиегінен он метр қашықтықта, үйдің қақпасы алдында тұрған балалар тобын қаққан.
Соққының қатты болғаны сонша, екі бала оқиға орнында тіл тартпай кетсе, тағы біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды.
Ауыр дене жарақаттарын алған өзге үш бала ауруханаға жеткізіліп, қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде жатыр.
Көлік жүргізушісі қамауға алынды. Жүргізілген сараптама оның оқиға кезінде сау болғанын көрсетті. Қазіргі таңда оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы жұмыс істеп, апаттың мән-жайын анықтауда.
Бұл сұмдық оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл тапсырма берді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен зардап шеккен балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету үшін Қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік ұшағы ұшып шықты. Оның бортында реаниматолог, нейрохирург және травматологтан құралған білікті медициналық бригада бар.
Соңғы жаңалықтар





