"Бет-аузы қан жоса": Шымкентте әйелін соққыға жықты деген күдікпен ер адам ұсталды
Шымкентте өз әйеліне дене жарақатын салып, балаларының көзінше аяусыз соққыға жықты деген күдікпен 25 жастағы азамат ұсталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желідегі Egov.Press Telegram-арнасында бет-аузы қанға боялған әйелдің видеосы тарап, желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырған еді. Жарияланған мәліметтерге сәйкес, ер адам жас келіншекті соққыға жығып қана қоймай, оның атына несие рәсімдеп, соңынан өміріне қауіп төндіріп, қорқытып келген.
Оқиғаға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті жедел ресми түсініктеме берді.
«Шымкент қаласының полиция қызметкерлері әйел адамға дене жарақатын салды деген күдікпен Түркістан облысының 25 жастағы тұрғынын ұстады. Күдікті бірден уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға 16 қыркүйекке қараған түні Шымкент аумағында болғаны анықталды», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта жәбірленушінің ресми арызы негізінде қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Істің барысы қалалық полиция департаменті басшылығының тікелей жеке бақылауына алынды.
Соңғы жаңалықтар