Жаңа туған сәбиін дәретханаға тастаған әйелге сот үкімі шықты
Өзбекстанда жаңа туған нәрестесін даладағы дәретханаға тастап өлтірген 33 жастағы әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды vaib.uz. Сот шешімімен оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Іс материалдарына сәйкес, сотталушы 2024 жылдың қарашасында діни некеге тұрып, 2025 жылдың 25 сәуірінде олардың тұңғыш қызы дүниеге келген. Сол жылдың қыркүйегінде әйел екінші баласына жүкті болған. Ал 2026 жылдың 8 маусымында ол ата-анасының үйіне барған.
Әйелдің сотта айтқан мәліметінше, 10 маусым күні сағат түнгі үштер шамасында толғағы басталған. Ол ата-анасынан өзін перзентханаға апаруды сұрағанымен, олар таң атқан соң апаратынын айтқан. Сағат 05:00 шамасында әйел ауладағы дәретханаға барып, сол жерде тоғыз айлық қыз баланы өздігінен босанған.
Оның сөзіне қарағанда, нәрестені қолына алып қарағанда көздері жұмулы болған, дем алғаны байқалмаған. Қызы өлі туды деп ойлаған ана кіндігін қолымен үзіп, нәрестені дәретхана шұңқырына тастап жіберген. Осыдан кейін оның қан кетуі басталып, есінен танып қалған. Ата-анасы оны дәретханадан алып шығып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізген.
Сотталушы сол кезде өз іс-әрекетін толық түсінбей, қазір көп жағдайды есіне түсіре алмайтынын жеткізді. Алайда сот-медициналық сараптамасы баланың тірі туғанын анықтады. Сараптама қорытындысына сай, нәресте дәретхана шұңқырына түскен соң тыныс жолдарына нәжіс массасы бітеліп, механикалық асфиксиядан қайтыс болған. Сот ананың жаңа туған сәбиін қасақана өлтіргенін растады.
Сотталушының күйеуі араларында ешқандай ұрыс-керіс болмағанын, бірақ соңғы уақытта әйелінің алаңғасар болып, өз-өзімен сөйлесетінін байқағанын мәлімдеді. Ал ата-анасы қызының жүктіліктен құтылғысы келетіні туралы айтпағанын, тек қыз күтіп жүргенін және ұл болса жақсы болар еді деп айтқанын көрсетті.
Сот келіншекті Өзбекстан Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша (Ананың жаңа туған баласын қасақана өлтіруі) кінәлі деп тапты. Тағайындалған үкімге сәйкес, ол 3 жыл бойы үйінен тек жұмысқа немесе оқуға бару үшін ғана шыға алады.
Соңғы жаңалықтар