Бейжіңде Абайдың «Қара сөздері» 12 тілде таныстырылып, Конфуциймен идеялық үндестігі талқыланды
Қытай астанасындағы Қазақстанның мәдени орталығында ұлы ақынның туған күніне орай «Абай – заңғар тұлға» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Politico.kz.
Салтанатты шара аясында қатысушылар Бейжіңдегі «Чаоян» саябағында орналасқан Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл қойып, тағзым етті. Жиынды орталық директоры Ботагөз Сырабаева ашып, Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев ақынның рухани мұрасының маңыздылығына тоқталды. Одан бөлек ескерткіштің авторы Юань Сикунь монументті жасау барысымен бөліссе, жазушы Акбар Мажит Абай шығармаларының қытай тіліндегі аудармаларын ұсынып, мәдениет қайраткері Фэн Ишу баяндама жасады.
Басқосуда «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Жандос Әубәкір мен Лейла Демесинова сияқты отандық ғалымдар онлайн байланысқа шығып, ойшыл мұрасы мен Конфуций идеяларының үндестігін сөз етті. Шараның басты оқиғаларының бірі ретінде Гүлмира Амандықованың «Ұрпаққа аманат» кітабының таныстырылымын айтуға болады. Бұл еңбек Абайдың «Қара сөздерінің» бейімделген нұсқасы болып табылады және ол әлемнің 12 тіліне аударылған.
Абайдың философиялық мұрасын талқылауға Бейжің, Шанхай, Сиань, Тяньцзинь және Далянь жоғары оқу орындарының өкілдері мен қытайлық жазушылар белсене қатысты. Бұл күні Алматыда да ақын ескерткішіне гүл қою рәсімі өтіп, ел бойынша ойшылдың 181 жылдығы атап өтілуде. Бүгінде Оңтүстік Кореядан Бразилияға дейінгі аралықта Абайға арналған ескерткіштер бой көтерген.
Соңғы жаңалықтар