«Бір оқиға бәрін өзгертті»: Төреғали Төреәлінің жары ауыр кезеңді ашып айтты
Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жұбайы Толқын Тұрарбекқызы әлеуметтік желіде жүрекке ауыр тиетін жазбасын жариялап, отбасының бір сәтте тағдырын түбегейлі өзгерткен кезеңі туралы баяндады, деп хабарлайды POLITICO.KZ
Оның айтуынша, бәрі отбасы үшін аса күрделі кезеңде қызы Кәусар ауыр дертпен күресіп жатқан уақытта болған.
«Бір сәт. Бір оқиға. Бір шешім — өмірімізді түбегейлі өзгертті», — деп бастады ол жазбасын.
Сол кезде Толқын қызы Кәусармен бірге Қытайда ем алып жүргенін айтады. Үш жылға созылған үздіксіз ем, ауыр диагноз және жас отбасы үшін әр күн үлкен сынаққа айналған.
«Ал Төрем… сахнада тұрып, ішкі дауылымен арпалысқан әке еді. Қызының дерті — жүректен жұлқып алатын ауыр шындық», — деп жазды ол.
Айтуынша, сол қиын сәттен кейін Төреғали қоңырау шалған.
«Толқын… жаңалықтарды көрдің бе?» — деген даусындағы дірілдің өзі жағдайдың қаншалықты ауыр екенін аңғартқан.
Осыдан кейін көп ұзамай әнші Қытайға жол тартады.
«Сендерді сағынып жылайтынмын… Бәлкім, бұл да бір қайыр шығар», — деді ол.
«Қызың өмір үшін күресіп жатыр. Сен де күрес. Халық кешіреді. Тек тоқтама», — дедім мен, — деп еске алды жары.
Толқынның айтуынша, Төреғали тоқтамады. Кешірім сұрады. Қателігін мойындады. Әке ретінде де, азамат ретінде де қайта нығайды.
Бүгінде Кәусар қайырымдылық қоры — сол күрестің нақты нәтижесі.
«Бұл — баласы үшін сынбаған әкелерге үміт сыйлаған жол. Қиналған отбасыларға бағыт берген дәлел», — дейді ол.
Жазба соңында Толқын Тұрарбекқызы бүгінгі күнге мақтанышпен қарайтынын жасырмады.
«Сахна сол күйі қалды. Бірақ біз өстік. Қорқынышты жеңдік. Қателіктен қашпай, одан шешім шығардық. Өмір осымен қымбат», — деп түйіндеді ол.
Соңғы жаңалықтар