Бірі киберқауіпсіздік саласынан, бірі прокуратурадан: жаңа басшылар кімдер
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің аппаратында кадрлық өзгерістер жасады. Арман Әбдірәсілов Ахуалдық орталықтың, ал Азамат Дүйсембеков Құқық қорғау жүйесі бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.
Жаңа қызметке тағайындалған шенеуніктердің еңбек жолына тоқталайық.
Арман Әбдірәсілов кім?
Арман Асқарұлы Әбдірәсілов 1980 жылғы 25 желтоқсанда Ақмола облысында дүниеге келген.
Еңбек жолын 2001 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Математика және механика саласындағы зерттеулер институтында инженер болып бастаған. Кейін 2012 жылға дейін Ғылыми-техникалық орталықта жұмыс істеген.
2013 жылдан 2020 жылғы тамызға дейін «Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы» компаниялар тобында құрылтайшылардың бірі әрі басшылық қызметтер атқарған. 2018 және 2019 жылдары АҚШ-тағы Facebook App компаниясында комплаенс саласында жұмыс істеген.
2020 жылғы тамыздан 2022 жылғы қазанға дейін «Зерде» ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ басқарма төрағасы болған.
2022 жылдан 2025 жылғы ақпанға дейін «Brain Trust» ЖШС басқарушы серіктесі қызметін атқарған. Осы кезеңде Канаданың SecDev Foundation ұйымында Орталық Азиядағы ақпараттық технологиялар мен киберқауіпсіздік мәселелері жөніндегі аға кеңесші болған.
2025 жылғы ақпаннан тамызға дейін Қауіпсіздік Кеңесінің Қауіпсіздіктің өзекті мәселелері бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған. Өмірбаянындағы мәліметке сәйкес, 2025 жылғы 8 тамыздан бастап Ахуалдық орталықты басқарған.
Азамат Дүйсембеков кім?
Азамат Нұрланұлы Дүйсембеков 1980 жылғы 17 наурызда Жезқазған қаласында дүниеге келген.
Новосібір қаласындағы физика-математика мектебін, Новосібір мемлекеттік университетін және Ресей Федерациясы Бас прокуратурасының академиясын бітірген.
Еңбек жолын 2003 жылы Қарағанды облысындағы Балқаш қаласы прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы болып бастаған.
2005 жылдан 2009 жылға дейін Қарағанды облысы, Астана қаласы прокуратураларында және Қазақстанның Бас прокуратурасында қызмет атқарған.
2009 жылдан 2018 жылға дейін бірнеше басшылық қызметте болған. Қарағанды облысы прокуратурасының басқарма бастығынан Бас прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің басшысына дейін көтерілген.
2018 және 2019 жылдары Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
2019 жылдан 2025 жылға дейін Қауіпсіздік Кеңесінде жұмыс істеген. Құқық қорғау жүйесі бөлімі меңгерушісінің орынбасары, кейін бөлім меңгерушісі болған.
2025 жылдан 2026 жылға дейін Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған.
2026 жылғы ақпаннан бастап Бас прокуратураның Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары болған.
Азамат Дүйсембеков әділет аға кеңесшісі шеніне ие. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Үйленген, үш баласы бар.
Соңғы жаңалықтар