«Бюджет табысы азайып, шығын өсіп барады»: Сарапшылар дабыл қағып жатыр
Қаржы сарапшысы Айбар Олжайдың айтуынша, Қазақстан экономикасында жаңа қауіп байқалып отыр, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ertenmedia.kz-ке сілтемемен.
Егер бұрын бюджет кірісі негізінен мұнай секторына тәуелді болса, қазір оның орнын мемлекеттік қарыз алу басып бара жатқан көрінеді. 2026 жылдың бірінші тоқсанында бюджетке түскен кіріс 3,65 триллион теңгені құраған. Алайда мұнай өндірісіндегі технологиялық апаттар салдарынан экспорт көлемі төмендеп, соған байланысты баж салығынан түсетін табыс 54 пайызға азайған.
Сонымен қатар, жаңа Салық кодексі аясында салық түсімдері 29,4 пайызға артқан. Бірақ бұл өсім мұнай секторындағы шығынды толық өтей алмаған.
Сарапшының айтуынша, елдің қарызға тәбеті күшейіп отыр. Биылдың өзінде мемлекеттік облигациялар арқылы 870 миллиард теңге тартылған. Бұл жылдық жоспардың 71 пайызы тек бірінші тоқсанда-ақ орындалғанын көрсетеді.
Қазіргі таңда бюджет шығынының 17,2 пайызы қарызды өтеуге жұмсалып жатыр. Айбар Олжай мұны қарапайым азаматтың табысының үлкен бөлігін несие төлеуге жұмсауымен салыстырады.
Оның пікірінше, бюджеттегі мұндай үрдіс тәуелділіктің жаңа түрін қалыптастыруы мүмкін. Сонымен бірге ол мемлекеттік басқаруда қарызға қатысты саясатты қайта қарау қажеттігін атап өтеді.
Сарапшылардың пайымынша, мұнай кірісі азайып жатқанымен, қарыз көлемінің өсуі бюджет үшін жаңа тәуекел тудырып отыр.
Соңғы жаңалықтар