БЖЗҚ 2026 жылға арналған жеткіліктілік шектерін жариялады

06.06.2026 10:26 Қарақат АСЫЛОВА
БЖЗҚ 2026 жылға арналған жеткіліктілік шектерін жариялады
207
Зейнетақы жинағын пайдалану үшін қажет жаңа шектер жарияланды

Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) 2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шектерін жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Жаңа талаптарға сәйкес, зейнетақы жинақтарының «артық» бөлігін пайдалану үшін азаматтардың шотында бұрынғыдан әлдеқайда көп қаражат болуы қажет.

Жаңартылған көрсеткіштер бойынша, 20 жастағы қазақстандықтың жинағында кемінде 6,67 миллион теңге, 30 жастағы азаматта – 9,75 миллион теңге, ал 40 жастағы адамның есепшотында 13,37 миллион теңге болуы тиіс. Егер жинақ көлемі осы деңгейден төмен болса, қаражаттың артық бөлігін алу мүмкін болмайды.

Бұл – 2026 жылы жеткіліктілік шектерінің екінші рет көтерілуі. Бұған дейін қаңтар айында көрсеткіштер 10 пайызға индекстелген болатын. Алайда жарты жылдан кейін жаңа есептеу әдістемесінің енгізілуіне байланысты шектер тағы да айтарлықтай өсті.

Енді жеткіліктілік шегін есептеу кезінде азаматтың жасы, зейнетке шығуына дейінгі мерзімі, өмір сүру ұзақтығы, болашақтағы зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс көлемі ескеріледі. Осылайша мемлекет азаматтың қартайған шағында жеткілікті табысқа ие болуын қамтамасыз етуді көздеп отыр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев айтуынша, соңғы бес жылда қазақстандықтар БЖЗҚ-дан шамамен 5 триллион теңге қаражат шешіп алған. Оның басым бөлігі жастардың үлесіне тиесілі болған.

Министрдің сөзінше, мұндай үрдіс болашақтағы зейнетақы көлеміне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан үкімет жеткіліктілік шектерін қайта қарап, азаматтардың жинағын сақтап қалуға бағытталған жаңа тәсілді енгізген.

Сонымен қатар, зейнетақы жинақтарын пайдалану бағыттары да қысқарып келеді. Былтыр желтоқсаннан бастап БЖЗҚ қаражатын офтальмологиялық емдеуге жұмсауға тыйым салынса, бұған дейін стоматологиялық қызметтерге қатысты да шектеулер енгізілген.

Войдите, чтобы оставить комментарий