Дана Нұржігіт: Депутаттықтан кеткен соң, «такси айдаймын» деп ойладым
Танымал тележүргізуші, экс-депутат Дана Нұржігіт өмір жолындағы қиындықтар, депутаттық өкілеттігі аяқталғаннан кейінгі кезең мен жеке құндылықтары туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы Дана Нұржігіт «Айтарым бар» подкастында әңгімеледі.
Тележүргізуші өмірдегі ауыр сәттерді өзіне үлкен сабақ әрі төзімділікті тексеру сынағы ретінде қабылдағанын айтады. Ол кез келген зұлымдық пен қиындыққа мойымай, ішкі күшін сақтап қалудың маңыздылығын атап өтті.
«Айдың арғы жағындағы түнекті көрдім десем, қателеспеймін. Мүмкін бұл мен үшін керек болған шығар. «Осыны да біл, осындай адамдардың да өмірде сүретінін, барын білуің керек» деген сияқты сабақ болған шығар деп ойлаймын. Және өзімнің күшімді сынадым: «сен қаншалықты осындай зұлымдыққа төтеп бере аласың, сынып кетпей» дегендей», — деді Дана Нұржігіт.
Қызметтен кеткеннен кейін жұмыссыз қалған ол, тіпті такси жүргізушісі болып еңбек ету туралы да ойланғанын жасырмады. Тұрақты табысы мен бастапқы капиталы болмағандықтан, адал еңбектің кез келген түрінен арланбайтынын білдірді.
«Мен депутаттықтан кеткеннен кейін жұмыс істей алмай қалдым дедім ғой. «Не істеймін?» деген кезде менде «такси жүргізсем бе?» деген де ой болды. Және мен оған арланбаймын. Балам күндіз жұмысқа кетеді, мен телевидениеде істей алмаймын, үйде отырып тоқыма тоқымаймын, киім тікпеймін, мен, мысалы, дизайнер бола алмаймын. Ол үшін алғашқы капитал керек, ол да жоқ. Сол кезде мен: «Мүмкін «Яндекске» тіркеліп, такси жүргізермін?» — деп ойладым. Қолымнан келеді ғой, мен машинаны жақсы көремін, жақсы айдаймын. Навигаторды қоссаң, баратын бағытыңның бәрін өзі айтып тұрады. Басымда ондай да жағдай болды», — деді ол.
Сондай-ақ экс-депутат мансаптағы өзгерістер мен қоғамның пікірінен қорықпайтынын жеткізді. Ол өмірдегі басты сүйеніші тек өзі және қиын-қыстау сәтте жанынан табылған жақындары екенін атап өтті.
«Сондықтан бәзбіреулер айтпақшы: «Сіз анандай жерде болып, содан кейін төменге түскеніңіз қалай болды?» — дейді. Адам оған да дайын болуы керек. Оған да дайын болу керек. Сондықтан мен одан қорықпаймын. Мен жатақханада да тұрдым, тарақан басқан алқаш шалдың да үйінде тұрдым, пәтер жалдадым. Мен төменнен өскен адаммын. Қазақ айтпақшы, артында қоңырауы жоқ адаммын. Сондықтан мен, біріншіден, ешкімге қарыздар емеспін. Мен тек өзіме сеніп, өзімнің еңбегім үшін өзіме рақмет айтатын адаммын. Мен балама қарыздармын. Мен өмір бойы «сол адалсың» деп маған сеніп, маған қорған болған достарыма, қорғаушыларыма қарыздармын. Менің адалдығыма 100 пайыз сенген, қасымнан табылған құрбыларыма қарыздармын», — деді экс-депутат.
Соңғы жаңалықтар