Дәрігерлер босандыру кезінде нәрестенің қолын жұлып алды

Үндістанда жаңа туған нәресте босану кезінде ауыр жарақат алды. Жергілікті басылымдардың мәліметінше, Харьяна штатының Мандихера қаласындағы ауруханада босану сәтінде дәрігерлердің өрескел әрекеті салдарынан баланың қолы жұлынып кеткен. Бұл туралы The Times of India басылымы хабарлайды.
Оқиға босану барысында медициналық қызметкерлер тарапынан кеткен қателік салдарынан болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ампутацияға себеп – дәрігерлердің кәсіби талаптарды сақтамауы. Жарақат алған сәбидің тірі қалғаны хабарланды, қазіргі уақытта ол көрші қаланың ауруханасында ем қабылдап жатыр.
Жағдайға байланысты сәбидің туыстары дәрігерлердің дөрекі және бейадамгершілік танытқанын айтып шағымданған. Олардың айтуынша, босану кезінде медицина қызметкерлері қажетті көмек көрсетудің орнына салғырттық танытып, бала мен ананың жағдайына жауапкершілікпен қарамаған.
Аталған оқиға Үндістан қоғамында үлкен резонанс тудырды. Қазіргі таңда жергілікті билік арнайы комиссия құрып, қызметтік тергеу жүргізіп жатыр. Сарапшылар аурухананың бекітілген медициналық хаттамаларды бұзғанын және науқастың құқықтарының аяқасты болғанын атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





