"Дәрігерлерді ұруды тоқтатыңыздар!": Министр халыққа үндеу жолдады

18.07.2025 08:55
0
245
Сурет: Zakon.kz/Мадина Мамырханова

Денсаулық сақтау министрі дәрігерлерге шабуылға байланысты халыққа үндеу жолдады

Соңғы күндері еліміздің денсаулық сақтау саласында ауыр жаңалықтар жиілеп кетті дәрігерлерге қарсы күш қолдану, шабуыл жасау жағдайлары тіркелуде. Бұл оқиғалар Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы бейжай қалдырған жоқ. Министр Instagram арқылы халыққа ашық үндеу жолдады.

«Бұл сөзімді жай министр ретінде емес, акушерлік бөлімде жұмыс істеген медбике, қабылдау бөліміндегі кезекші дәрігер ретінде айтып отырмын. Дәрігерлерге қарсы күш қолдануды тоқтатыңыздар!» – деді ол.

Қарағанды мен Қостанайда болған екі оқиға жұрттың жағасын ұстатты. Қостанайда урология бөлімінің жас дәрігері өз кезегін күткісі келмеген науқастың соққысына ұшырап, ес-түссіз күйде жансақтау бөлімінде жатыр. Ал Қарағандыда жеке клиника қызметкеріне қол көтерілген.

«Адам өмірін құтқаруға тырысқан жанға қалайша жұдырық жұмсалады? Бұл тек бір дәрігерге емес, бүкіл денсаулық сақтау жүйесіне жасалған соққы», – деді министр.

Ол бейбіт күнде дәрігердің өміріне қауіп төнуі ақылға сыймайтын жағдай екенін атап өтті. Мұндай әрекеттерді тұрмыстық дау ретінде емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде қарау керек.

Министрлік пен Ішкі істер министрлігі дереу шара қабылдап, перзентханалар мен шұғыл көмек көрсететін стационарларда тәулік бойы күзет орнатпақ. Сондай-ақ, күзетпен қатар бейнебақылау мен дабыл түймелері қойылады.

«Біз дәрігерлерге деген құрмет пен алғысты бала кезден үйретуіміз керек», – дейді Әлназарова.

Шабуылдан зардап шеккен жас дәрігерге қажетті медициналық көмек толық көрсетіліп жатыр. Ертең ол санавиациямен Ұлттық шұғыл медицина орталығына жеткізіліп, жоғары санатты мамандардың бақылауында ем қабылдайды.

Дереккөз: Politico.kz

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий