Депутат Семей полигонынан зардап шеккендерді тұрақты түрде медтексеруден өткізуді ұсынды

03.06.2026 14:05 Әсел МҰРАТ
Депутат Семей полигонынан зардап шеккендерді тұрақты түрде медтексеруден өткізуді ұсынды
58

Мәжіліс отырысында «Ауыл» партиясы фракциясының депутаты Серік Егізбаев Семей ядролық сынақ полигонының зардабын тартқан азаматтар үшін медициналық орталықтар ашып, кешенді медициналық тексерулер жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Депутат Серік Егізбаев аталған санаттағы азаматтарға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік көмекті күшейту қажеттігін мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазақстандықтар әлеуметтік қолдау көлемінің жеткіліксіздігіне, өтемақы есептеу жүйесінің ескіргеніне және халықты медициналық оңалтуға қатысты жүйелі тәсілдің жоқтығына шағымдануда.

Осыған байланысты депутат Семей ядролық сынақ полигонының қызметі салдарынан зардап шеккен аумақтар мен халықты кешенді оңалтуға бағытталған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Депутат осы мәсілеге қатысты мынадай ұсыныстар айтты:

  • Семей ядролық сынақ полигоны салдарынан зардап шеккен аумақтар мен халықты кешенді оңалту жөнінде мемлекеттік бағдарлама әзірлеу мүмкіндігін зерделеп, зардап шеккен аймақтарда арнайы медициналық орталықтар ашу;
  • жыл сайын халықты тереңдетілген медициналық тексерістен өткізу;
  • зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету;
  • санаторий-курорттық емдеу мүмкіндіктерін кеңейту;
  • экологиялық мониторинг пен қоғамдық бақылауды күшейту;
  • ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды молайту мәселелерін қарастыру.

Сондай-ақ  депутат 1992 жылы қабылданған «Семей сынақ ядролық полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңды жаңартатын уақыт жетті деп есептейтінін де жеткізді.

«Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы сонау 1992 жылы қабылданған. Одан бері бірталай уақыт өтті, сондықтан қазіргі заманғы әлеуметтік, медициналық және ғылыми талаптарды ескере отырып, бұл заңды жаңартатын кез келді деп есептейміз», - деді депутат. 

Войдите, чтобы оставить комментарий