Депутаттар абай болсын: Құрылтайда мінберден енді нені айтуға болмайды?

10.09.2026 12:48 Әсел МҰРАТ
Депутаттар абай болсын: Құрылтайда мінберден енді нені айтуға болмайды?
272
Фото Informburo.kz

Мінберден анасын құттықтаған Ардақ Назаровтан кейін Құрылтайда депутаттарға жаңа тыйым енгізілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Құрылтай депутаттары парламенттік отырыстар кезінде мінберді өздерінің өкілеттігіне қатысы жоқ жеке өтініштерін айту үшін пайдалана алмайды. Мұндай талап Құрылтай регламентіне енгізілген.

Бұл туралы депутат Снежанна Имашева брифинг барысында мәлімдеді.

Оның айтуынша, депутаттар Құрылтайдың отырыстары мен оның тұрақты, жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші органдарының жиындарында өз өкілеттігін жүзеге асыруға қатысы жоқ жеке немесе өзге де өтініштермен сөз сөйлеуге құқылы емес.

«Депутат өз қызметін жүзеге асыруға, қалыпты жұмысқа кедергі келтірмеуге, Құрылтайдың отырыстарында, оның тұрақты және жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші органдарында өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға қатысы жоқ жеке және өзге де өтініштер үшін сөз сөйлеу мүмкіндігін пайдаланбауға міндетті», – деді Снежанна Имашева.

Депутат бұл талаптың Мәжіліс регламентінде болмағанын атап өтті. Оның сөзінше, жаңа норма бұрын жинақталған тәжірибені ескере отырып енгізілген.

Снежанна Имашеваның пікірінше, депутаттың мінберді жеке мәселелерін айту үшін пайдалануы дұрыс емес.

Айта кетейік, 2025 жылы қыркүйекте Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров пленарлық отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтаған еді. Енді мұндай жеке өтініштерді депутаттық мінберден айтуға жол берілмейді.

Войдите, чтобы оставить комментарий