Депутаттың күйеуі зорлаған кәмелетке толмаған қыз тағы да жүкті болып қалған

2023 жылдың қарашасында бүкіл елді дүр сілкіндірген жағдай орын алған еді. Жаңатаста аудандық мәслихат депутатының күйеуі 12 жастағы оқушыны зорлағаны белгілі болды. Қылмыс 2022 жылдың жазында жасалған. Сол жылдың қарашасында қыздың анасы оны Жаңатастағы интернатқа орналастырған, деп хабарлайды POLITICO.KZ Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеп.
Алайда интернат басшылығы қыздың жүктілігін жасыру үшін анасына айтпай жасанды түсік жасатқан.
Осыдан кейін бірнеше қылмыстық іс қозғалып, алты адам сотталған. Депутаттың күйеуіне 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Кейін интернат директоры екі жылға сотталды. Оның орынбасары, медбике мен психологқа – үш жылдан шектеу жазасы, ал аборт жасаған акушерге – бір жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Оларға жүктілікті заңсыз үзгені, ауыр қылмысты жасырғаны және қылмысқа қатысы барлығы үшін айып тағылды.
Кейіннен жәбірленуші қызды көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған Тараздағы мектеп-интернатқа ауыстырған. Облыс орталығында болған соң, ерекше бақылауда болады деген үміт болды. Әрі қоғамда үлкен резонанс тудырған соң да жағдай жіті қадағаланады деп сенген.
Бірақ жуырда оның қайтадан жүкті екені анықталды…
Қыз қазір шамамен сегіз айлық жүктілікте. Бала әкесінің кім екені туралы ақпарат жоқ. Инсайдерлердің айтуынша, жүктілік кездейсоқ болған.
Қыздың есепке алынғанына қарағанда, интернат пен Жамбыл облысындағы уәкілетті органдар бұл жағдайдан хабардар. Бірақ оны жасырғысы келеді. Өйткені Жаңатастағы интернат басшылығы сияқты жауапқа тартылудан қорқуы мүмкін.
Таңғаларлығы, ешкім қыздың анасына сұрақ қоймайды. Өйткені алғаш рет ол жазғы демалыста жүкті болып қалған. Ал қазір жүктіліктің мерзіміне сүйенсек, балаға аяғы ауыр болған сәті – қысқы, дәлірек айтқанда, жаңа жылдық каникул кезі.
Соңғы жаңалықтар





