"Димаштікі — қатаң, тар ойлау жүйесі бар...": Психолог Димаштың неге бағы жанбай жүргенін айтты

03.09.2025 12:45
0
149
әлеуметтік желі

Қазақстандық психолог Шолпан Есмағанбетова өзінің Youtube-арнасында жариялаған «Неге Димаш аңыз емес?» атты видеосында Димаш Құдайбергеннің әлемдік деңгейдегі танымалдылығына қарамастан, Майкл Джексон секілді аңызға айнала алмай отырғанын сараптады. 

Оның айтуынша, көрермен қауым көп жылдар бойы Димашты Майкл Джексонмен салыстырып, оның мансабы да сол деңгейде өрбиді деп үміттенген.

«Біз Димашты Майкл Джексонмен салыстырғанымызда, көпшілік оны Майкл сияқты болады деп сенді. Көп жағынан бір-біріне ұқсайтын сияқты. Екеуі шығармашылық жағынан да, стиль жағынан да ұқсас келеді. Димашта — опера, фольклор, халықтық дәстүр элементтері бар поп әнші. Майклдың фьюжн, фанк, RnB, соул, хип-хоп және африкалық мотивтері бар,» — деп атап өтті сарапшы.

Майкл Джексонның әлемдік иконаға айналуына оның талантын қолдаған және дамытқан мықты команда әсер еткенін айтқан психолог, бұл жағынан Димаштың жағдайы мүлде басқаша екенін жеткізді. «Әрбір талант өз саласында және осы бұлақтардың барлығы бір мұхитқа құйылып, оны қоректендіріп, күшейтті. Оның гауһары одан да жарқырап, көздің жауын алады,» — дей келе, Димаштың командасының құрамына назар аударды. Оның пікірінше, әншінің артында бұрынғы шенеунік ағасы бастаған, негізінен отбасылық мүшелерден құралған тар шеңберлі адамдар тұр.

«Ал біздің мұхитымыз немен қоректенеді? Оны тек шайқайды. Теңге салған қоржындай шайқайды: бәрін сілкіп-сілкіп шығарғанша. Димаштың командасы — қатаң, тар ойлау жүйесі бар бұрынғы шенеунік ағасы… Ол Димашты қағаз қайықтай қысқа жіпте ұстап отыр. Сонымен қатар, командада інісі, анасы, тағы бір інісі, қарындасы, досы мен оның әйелі бар. Бұл — отбасылық келісім-шарт,» — деп түсіндірді ол.

Психолог Димаштың отбасынан толықтай бөлінбегенін, яғни сепарацияланбағанын да ерекше атап өтті. «Биіктік бар, ұшу да бар, ұмтылғың келеді… бірақ қолыңнан келмейді. Отбасылық тұзақ мықты ұстап тұрады,» — деп, әншінің өзі де ата-анасының жанында өзін жайлы сезінетінін жиі айтатынын еске салды. Бұл жағдайды ол Қайрат Нұртастың шығармашылық жолымен салыстырды:

«Қайрат Нұртастың анасы да продюсер. Жаман деп айтуға болмайды — нәтижесі бар. Бірақ бұлақ пен мұхитты салыстыруға келмейді. Соған қарағанда, Айдарбековтер командасы үшін бұл «бұлақтың» деңгейі төбе болып тұр».

Есмағанбетова әр талантты тұлғаның ерекшелігі мен ішкі қайшылығы болатынын айтып, Димаштың бойындағы мінсіздік пен кішіпейілдікті де біртүрлі қабылдайтынын жеткізді.

«Майкл Джексонда — фантом, өзге ғаламшарлық, құбыжық бейнесі. Скриптонитте — біртүрлі гуілдеу, күбірлеу, әрдайым түсінікті емес, бірақ органикалық. Ал Димашта ше? Ол әрқашан жинақы, кішіпейіл, тәрбиелі, дұрыс, тіпті мойынсұнғыш. Мінсіз. Мұнда да бір оғаштық бар. Талант қашанда ішкі қақтығыстан, шағылысудан, соқтығысудан туады. Ал онда — идиллия. Өз өмірін емес, өзгенің өмірін сүріп жатқандай».

Димаш Құдайбергеннің шығармашылығын сипаттай отырып, сарапшы оның өнеріндегі ерекшелікті «энергия» емес, «прана», «құмарлық» емес, «махаббат» деп сипаттады.

«Оның бойында энергия емес – прана бар. Оның өмірінде жыныстық қатынас емес – сезімталдық бар. Оның бойында құмарлық емес – махаббат бар. Сондықтан оның шығармашылығы тереңірек, нәзіктеу. Сол себепті оның аудиториясы – 50 жастан асқан, ойлы әрі кемел адамдар», — деген ой айтты психолог.

Ал алғашқы тыңдармандарының қатарында болған жас қытайлық қыздардың қазір жоғалып кеткенін, ал бүгінгі бейнесі — өзінің жеке әлемінде өмір сүретін, бірақ ата-анасының қасында жүрген «кішкентай ханзадаға» ұқсайтынын жеткізді.

Ақыры, психолог өз сөзін қорытындылай келе, «Ақыры не болды? Бізде жұлдыз бар, ол ертегідей пайда болып, жарқырап дамыды. Бірақ ол аңызға айнала ма, жоқ па — ол жағы белгісіз», — деп пікірін аяқтады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий