Дрондар түсіп, қазақтар төбелескен Ресейдегі порттың шуы біздің мұнай экспортына еш әсер етпеген
Украина дрондары Ресейдің Балтық теңізіндегі ірі Усть-Луга портына шабуыл жасағанымен, бұл жағдай Қазақстанның мұнай тасымалына ешқандай кедергі келтірген жоқ, деп хабарлайды Politico.kz порталы Reuters-ке сілтеме жасап.
Еліміздің Энергетика министрлігі жұма күні Ресейдегі Усть-Луга портындағы жағдайға қатысты түсініктеме беріп, оқиғаның отандық шикізат экспортына ықпал етпегенін мәлімдеді.
Ведомство өкілдері қазіргі уақытта тасымал қалыпты режимде жүріп жатқанын және жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырғанын жеткізді.
Жылына 3 миллион тонна шикізат өңдейтін 3 кешені бар бұл порт газ конденсатын тазартып, одан нафта, реактивті отын, кеме отыны және газойл өндіреді.
Наурыздың 25-і күні жасалған дрон шабуылынан кейін Усть-Луга мен оған жақын орналасқан Приморск порты мұнай және мұнай өнімдерін тиеу жұмыстарын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған еді.
Қазақстан өзінің шикі мұнайының бір бөлігін дәл осы Балтық теңізіндегі порттар арқылы тасымалдайды. Негізінен еліміз мұнай экспортының 80 пайызын Қара теңіздегі Новороссийск маңы арқылы өтетін Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы жеткізеді, ал Балтық порттарын балама бағыт ретінде пайдаланады.
Ресей АҚШ-қа қысым жасау үшін қазақ мұнайы тасымалданатын КҚК жабады деген қауесетке Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков жауап берген болатын.
Өткен жылдың 29 қарашасында Қара теңіз жағалауындағы консорциум құрылғыларына да дрондар шабуыл жасап, салдарынан экспорт көлемі азайған болатын. Сол кезде Қазақстан желтоқсан айында 300 мың тонна шикізатты Германия, Қытай, Новороссийск және Усть-Луга порттарына, сондай-ақ Баку – Тбилиси – Джейхан бағытындағы құбырға бұруға мәжбүр болды.
Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желіде Ресейдің Ленинград облысына қарасты Усть-Луга кентінде көп адамның қатысуымен жаппай төбелес болып, топ ішіне көлік кіріп кеткен бейнежазба тараған еді. Желі қолданушылары жанжалға қазақтар қатысты деп болжаған болатын.
Бүгін Сыртқы істер министрлігі бұл ақпаратты растап, вахталық кенттегі төбелеске Қазақстан азаматтарының да қатысқанын хабарлады.
Соңғы жаңалықтар