Дүйсенбі адам ағзасына зиян: ғалымдар шындықты ашты

Дүйсенбі адам ағзасына зиян: ғалымдар шындықты ашты
06.10.2025 18:02
0
52
Pixabay

Дүйсенбі- аптаның ең қиын күні ғана емес, ол адам ағзасына нақты қауіп төндіретінін ғалымдар дәлелдеді. Scientific American басылымы жариялаған зерттеу нәтижелеріне сәйкес, аптаның алғашқы күні биологиялық тұрғыда өлшенетін күйзеліс факторы болып саналады және ол ұзақ мерзімде денсаулыққа зиян тигізуі мүмкін.

Мамандардың айтуынша, дүйсенбі күні адамдарда мазасыздық, күйзеліс және суицидтік ойлардың деңгейі басқа күндерге қарағанда айтарлықтай жоғары болады. Зерттеу деректеріне сүйенсек, дәл осы күні жүрек талмасы мен басқа да жүрек-қантамыр ауруларынан кенеттен қайтыс болу ықтималдығы 19%-ға артады.

Ғалымдар бұл құбылыстың себебін демалыстан кейін жұмыс аптасына көшу кезінде туындайтын бейімделу күйзелісімен байланыстырады. Кей адамдар мұндай ауысуға оңай бейімделсе, енді бірі үшін бұл үнемі қайталанатын стресс көзіне айналады.

«Дүйсенбі күні адамның жүйке жүйесі мен стресс гормондары ерекше белсенді болады. Кортизол деңгейінің артуы ағзаның ішкі жүйелеріне ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін», — делінген зерттеу қорытындысында.

Зерттеу жұмысына Англияның 50 жастан асқан 10 мың тұрғыны қатысқан. Нәтижесінде ғалымдар дүйсенбі күні байқалатын мазасыздық деңгейі басқа күндердегі күйзелістен әлдеқайда күшті екенін анықтаған. Тіпті зейнетке шыққан адамдардың өзінде бұл әсер сақталады.

«Кей адамдар үшін дүйсенбідегі күйзеліс — өмір бойы жиналған әдет пен реакцияның нәтижесі. Бұл жай көңіл күйдің құбылысы емес, тұрақты психофизиологиялық салмақ», — деп түсіндіреді зерттеу авторлары.

Дүйсенбідегі стресс тек көңілсіздікпен шектелмейді — ол жүрек соғысына, қан қысымының көтерілуіне және иммундық жүйенің әлсіреуіне алып келуі мүмкін.

Дегенмен ғалымдар бұл әсерді азайтуға болатынын айтады.
Мамандардың кеңесі бойынша, медитация, тыныс алу жаттығулары, тұрақты физикалық белсенділік және ұйқы режимін сақтау ми мен ағзаның апта сайынғы циклін реттеуге көмектеседі.

«Мидың стресс реакциясы икемді, оны қайта қалыптастыруға болады. Ең бастысы — өз ағзаңыздың ырғағын сезіну және дүйсенбіні апат емес, жаңа бастама ретінде қабылдау», — дейді зерттеушілер.

Осылайша, ғалымдар дүйсенбіні тек жұмыстың басталуы емес, адамның физикалық және психикалық тұрақтылығын сынайтын күн деп сипаттады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий