"Екі қолы артына байлаулы адам өзіне қол жұмсай ма?": Арман Дүйсеновтің жары Тоқаевтан көмек сұрады

14.11.2025 09:19 Мөлдір Талғат
0
274
Фото: ашық дереккөз. Суретте: Арман Дүйсенов ұлымен

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі сазгер Арман Дүйсеновтің жары Айсұлу Айданқызы Алматы қаласы сотының шешіміне байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық арыз жолдап, әділдік сұрады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

 Ол бұл туралы «TalkLike» бағдарламасында мәлімдеді.

Айсұлудың айтуынша, 2024 жылдың 7 қазанында оның 21 жастағы ұлы Абылай Дүйсен отбасылық пәтерде екі қолы артына байланған, мойын тұсынан байлап кеткен күйі табылған.

«Екі қолы артына байлаулы адамның өзіне қол жұмсауы мүмкін бе? Тергеу барысында көптеген дерек анықталды, бірақ нақты шешім әлі жоқ. Бостандық аудандық полициясы да анық жауап бере алмады», – дейді ол.

Марқұмның анасы тергеу кезінде Абылайдың өліміне қатысты бірнеше материал тіркелгенін, алайда істің толық ашылмағанын айтады.

2025 жылдың 24 қазанында Бостандық аудандық соты Айсұлу Айданқызы, оның 13 жастағы баласы және 83 жастағы әкесін тұрып жатқан пәтерден шығару туралы қаулы шығарған.

Оның айтуынша, пәтерге таласып отырған азамат Мұқаш Санжар тергеу кезінде бұл пәтерді сатып алмағанын, тек Абылайға қарыз ақша беріп, пәтерді кепілге алғанын мойындаған. Бұл дерек 2024 жылғы 15 қазан және 2025 жылғы 30 шілдедегі тергеу сотының қаулыларында көрсетілген.

«Сот сатып алу–сату келісімшартын жарамсыз деп тануы керек еді. Ал WhatsApp жазбаларында Санжардың Абылайға 65 миллион теңгені өте жоғары пайызбен қарызға бергені анық көрінеді. Сот шешімі заңға қайшы», – деді Айсұлу Айданқызы.

Ол істің әділ қаралуына ықпал етуін сұрап, мемлекет басшысына ашық өтініш жолдады:

«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, сот төрелігінің әділ болуына көмектесуіңізді өтінемін», – деп аяқтады композитордың жары.
 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий