"Екі құлағы естімей қалды": Қызылордада ата-ана баласының мүгедек болып қалуына дәрігерлерді айыптауда

10.08.2026 11:40 Мөлдір ҚАЙНАР
79
Фото: Stan.kz

Қызылордада төрт жасар баланың ата-анасы дәрігерлердің қателігінен ұлдарының екі құлағы естімей қалғанын айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

Ата-ананың сөзінше, бүлдіршін екі жасында қызуы көтеріліп, жұқпалы аурулар ауруханасына түскен. Сол кезде ақ халаттылар бала ағзасы көтермейтін ауыр антибиотик салған.

"Ванкомицин деген дәрілерді 12 жасқа дейін салуға болмайды екен. Бұл – жанама әсері бар антибиотик. Балам ауруханадан шыққан соң естімей қалғанын бір-екі айдан соң білдік. Ал дәрігер өз қателігін мойындамай отыр", – деді баланың анасы Бақытгүл Қыстаубаева.

Ата-ананың арызынан кейін қылмыстық іс тіркелгенімен, кейін полиция оны қысқартып тастаған. Ал аурухана өкілдері ем-домның хаттамаға сәйкес жүргізілгенін айтып, айыптауды жоққа шығарды.

"Антибиотик баланың жасы мен салмағына сай есептеліп беріледі. Түскен науқастардың жартысы осы дәріні қабылдайды. Одан баланың саңырау болып қалған жағдайы бұрын-соңды болған емес", – деді Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Әлиева.

Қазіргі уақытта прокурорлар шағымды қайта қарап, тергеуді жалғастыратынын жеткізді. Ата-ана кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий