Екібастұзда түрмеден шыға сала тағы адам өлтірген әйел ұзақ жылға сотталды

17.07.2026 14:16 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Екібастұзда түрмеден шыға сала тағы адам өлтірген әйел ұзақ жылға сотталды
281

Екібастұз қаласында пәтерлестерінің бірін өлтіріп, екіншісін пышақтаған 28 жастағы келіншек 16,5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz irbistv.kz-ке сілтеме жасап.

Ауыр қылмыс биылғы қаңтар айында Энергетиктер көшесіндегі көпқабатты үйлердің бірінде болған. 28 жастағы айыпталушы екі танысының үйінде қонақта болып, бірге ішімдік ішеді. Отырыс барысында пәтерге басқа көрші әйел келіп, олардың арасында келіспеушілік туындайды. Екеуін ажыратып алғанымен, бұған көңілі толмаған қонақ келіншек кек алмаққа бекінеді.

Ол дәлізде жаңа ғана бірге дастарқан басында отырған 34 жастағы әйелді ұрып-соғып, кейін пәтер ішінде оның жамбасына пышақ сұға бастайды. Жәбірленуші айқайлаған күйі баспалдаққа қашып шығып, сол жерде есінен танып құлаған. Бұл уақытта 32 жастағы ер адам ештеңеден бейхабар ұйықтап жатқан болатын. Осы сәт дәліздегі бейнебақылау камерасына да түсіп қалған еді.

«Пәтерге қайтып кірген сотталушы жәбірленушінің бірге тұратын азаматы кек алуы мүмкін деп қауіптеніп, ол ұйықтап жатқан кезде көзін құрту мақсатында өмірлік маңызы бар ағзаларына соққы жасауға ұйғарған», – деді Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Қайырбеков.

Айыпталушы ер адамды оқиға орнында өлтіріп, қайтадан дәлізге шыққан соң танысын одан әрі пышақтай береді. Ол жәбірленушінің басын еденге ұрғанымен, әйел аман қалған. Екі бап бойынша қаралған қылмыстық істе сотталушының кінәсі толық дәлелденіп отыр.

«Жазаларды ішінара қосу арқылы 16 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалсын. Сондай-ақ тағайындалған жазаға Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2018 жылғы 23 шілдедегі үкімі бойынша өтелмеген 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы қосылуы қажет», – деді судья Нұрлан Қайырбеков.

Белгілі болғандай, айыпталушы 2018 жылы да кісі өлтіргені үшін 9 жылға сотталып, кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Алайда бостандыққа шыққанына жарты жыл да толмастан ол қайтадан аса ауыр қылмыс жасады.

Войдите, чтобы оставить комментарий