Экономист: Қазақстан қазаққа толмай, нағыз тәуелсіздік орнамайды

05.08.2026 12:29 Томирис САҒЫНДЫҚ
Экономист: Қазақстан қазаққа толмай, нағыз тәуелсіздік орнамайды
82
Фото: видеодан скриншот

Экономист Ербосын Нұрмахан қандастарға арналған пилоттық жоба туралы сөз қозғады. Айтуынша, бұл елде қандастар саны көбейіп, әлеуметтік жағдайдың күрделенуімен байланысты, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Ербосын Нұрмахан кәсіпкер, бизнес тренер Абай Серікке берген сұқбатында айтты. 

«Қазір «пилоттық жоба» деп айтылып жатыр ғой. «Пилоттық жоба» дегеннің өзі — шетелден, соның ішінде Қытайдан келген қандастарымызға түсінікті болуы үшін айтсақ, уақытша сынақ ретінде қолға алынған бастама деген сөз. Бұл неліктен сынақ ретінде жасалып жатыр? Өйткені Алматы облысына қоныстанған қандастардың саны өте көп, салдарынан ол аймақта әлеуметтік жағдай күрделеніп бара жатыр. Ал елдің солтүстік облыстарында халықтың аз болуы — ұлттық және стратегиялық қауіпсіздікке тікелей қатысты мәселе», — деді Ербосын Нұрмахан.

Сондай-ақ, ол қандастарды Солтүстік Қазақстанға орналастыру саясатына тоқталды.

«Баяғыда берген бір сұқбатымда: «Қазақстан қазаққа толмай, нағыз тәуелсіздік орнамайды» деген едім. Егер біз солтүстік өңірлерді қазақпен толтырмасақ, шекарамыз ашық-шашық жатса, онда нағыз тәуелсіздікке қол жеткіздік деп айта аламыз ба? Қазақта «Жар астында үйің болса, өзімдікі деме, су артында кісі бар» деген сөз бекер айтылмаған. Соны ескерсек, халықты солтүстікке көшіру — үлкен стратегиялық маңызға ие. Біз Қытайда өскендіктен, Қытай өкіметінің Шыңжаңға халықты қалай көшіріп әкелгенін, бұл процестің қалай сынақтан өтіп, жұмыс істегенін көзі қарақты жұрттың бәрі біледі. Сол сияқты біздің де мемлекеттің бұл қадамын солтүстікке көшіру саясатының бір бөлігі деп есептеймін. Біреулерге бұл шектеу немесе басқаша сезілуі мүмкін, бірақ мен олай ойламаймын. Жалпы, бұл мемлекеттік саясатты толық қолдаймын», — деді экономист.

Ары қарай ол кәсібін дөңгелетіп, белгілі бір өңірлерге инвестиция салғысы келетін азаматтарға ірі қалаларда қоныстануға рұқсат беру қажет екенін айтты.

«Дегенмен, мұнда бір маңызды мәселе бар: бәріне бірдей талап қойып, жалпылама қарауға болмайды. Егер бір азаматтың қаражаты болып, Алматыға немесе басқа өңірге инвестиция сала алса, бизнес ашып, қаншама адамды жұмыспен қамти алатын мүмкіндігі болса, оны «солтүстікке бармасаң, азаматтық бермейміз» деп мәжбүрлеу — мемлекет үшін үлкен жоғалту. Екіншіден, бұл — шетелден келген дайын ресурсты ысырап ету. Сондықтан азаматтардың әлеуетін бөліп қарау керек. Қытайдан келіп жатқан қаншама ғылыми қызметкерлер, профессорлар, өнер адамдары мен бизнес өкілдерін «солтүстікке барып тіршілік ет, болмаса азаматтық алмайсың» деу ақылға сыймайды», — деді Ербосын Нұрмахан.

Войдите, чтобы оставить комментарий