Экс-банкир Жомарт Ертаевтың әйелінің коттеджі 1,5 млрд теңгеге сатылды

08.06.2026 13:44 Әсел МҰРАТ
Экс-банкир Жомарт Ертаевтың әйелінің коттеджі 1,5 млрд теңгеге сатылды
206
Фото: e-qazyna

Бірнеше ай бұрын Алматы қаласының Мемлекеттік активтер басқармасы бұл үйді аукционға шығарған, деп хабарлайды Politico.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап.

Ол кезде коттедждің бастапқы құны 2,2 млрд теңге деп белгіленген еді. Бірақ аукцион барысында коттедж 1,5 млрд теңгеге сатылды.

Үйдің Нұргүл Ертаеваға тиесілі болғанын Алматы қаласының әкімдігі Nege.kz редакциясына берген ресми жауабында растаған.

«Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2024 жылы 5 қаңтардағы қаулысын орындау мақсатында Алматы қаласы Бостандық ауданы Мирас шағынауданы 188-үй мекенжайында орналасқан тәркіленген жылжымайтын мүлік нысаны Ертаева Н.А.-дан қаланың коммуналдық меншігіне алынды. Жекешелендіру объектілерін сату қағидаларының 96-тармағына сәйкес, коммуналдық меншік объектілерін жекешелендіруден түскен қаражат жергілікті бюджетке аударылады», – делінген әкімдік жауабында.

Сот кабинетіндегі деректерге сәйкес, 2024 жылы 5 қаңтарда Нұргүл Ертаеваға қатысты іс сотта қаралған. Ол – Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқыру ісі бойынша сотталған банкир Жомарт Ертаевтың жұбайы. Кейбір мәліметтер бойынша, екеуі ажырасқан.

Тәркіленген жеке бассейні бар бұл үй Алматыдағы қымбат аудандардың бірінде әл-Фараби даңғылынан жоғары орналасқан. Жақын маңда Тұңғыш Президент саябағы, «Жайлау» гольф-клубы және жекеменшік білім беру мекемелері, соның ішінде халықаралық «Мирас» мектебі бар.

Бұл коттедж орналасқан аумақтағы жер телімдерінің иелері қатарында ERG-дегі Шодиевтер мен Ибрагимовтар әулетіне, сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев пен Тимур Құлыбаевқа қатысы бар ұйымдар да кездеседі.

Войдите, чтобы оставить комментарий